Қытайлық автокөлік шығарушы BAIC Қазақстандағы үлгі қатарын кеңейтіп, Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында бес жаңа көлік шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Курсив Авто.

«ҚазСтандарттың» көлік түрін бекіту тізілімінен (ОТТС) BJ60 және BJ40 жолтабандары, сондай-ақ BJ30, X35 және X55 кроссоверлері туралы құжаттар табылды. Толық өлшемді рамалы жолтабан BJ60 бес және жеті орындық нұсқаларында шығарылады. Оның сипаттамалары: ұзындығы 5040 мм, дөңгелек базасы 2820 мм, 2,0 литрлік турбомотор (256 ат күші, 400 Нм), 8 сатылы автоматты беріліс қорабы, артқы немесе қосылатын толық жетек. Жабдықталуына үш аймақты климат-бақылау, орындықтарды жылыту мен желдету, рөл, айналар және алдыңғы әйнекті жылыту, панорамалы люк, айналмалы шолу камералары, 9 немесе 12 динамигі бар аудиожүйе, сондай-ақ электронды көмекшілер кешені кіреді: адаптивті круиз-бақылау, автоматты тежеу, жолақтан шықпау және көрінбейтін аймақтарды бақылау.

Шағын кроссовер X35 1,5 литрлік турбомотормен (136 ат күші, 210 Нм) жабдықталып, алты сатылы механикалық беріліс қорабымен немесе CVT вариаторымен жүреді. Қазақстандық нұсқада климат-бақылау, алдыңғы әйнекті жылыту, қашықтықтан қосу, электр жетегі бар люк, жарықдиодты күндізгі жүру шамдары, артқы парктроник, бұғаттауға қарсы жүйе (ABS), бағыт тұрақтылығы жүйесі (ESP), өреге көтерілуге көмектесу жүйесі және 17 дюймдік жеңіл қорытпа дискілер болады.

Сонымен қатар, екінші буын BJ30 кроссоверін жергіліктендіру жоспарланған. Негізгі нұсқада 1,5 литрлік турбомотор (177 ат күші, 300 Нм), екі іліністі 7 сатылы роботты беріліс қорабы (DCT) және алдыңғы жетек бар. Сыртқы көзден зарядталмайтын гибридті BJ30e нұсқасы 1,5 литрлік турбомотор (154 ат күші), алдыңғы электрмотор (177 ат күші) және артқы электрмотор (75 ат күші), екі сатылы гибридті трансмиссия (DHT) және толық жетекпен жабдықталады. Жабдықталуына екі аймақты климат-бақылау, екінші қатарды желдету, панорамалы шатыр, айналмалы шолу камералары, рөл мен орындықтарды жылыту, жүргізуші орнының жады, Apple CarPlay қолдауы, сондай-ақ электронды көмекшілер кешені кіреді: адаптивті круиз-бақылау, автоматты тежеу, жолақтан шықпау және көрінбейтін аймақтарды бақылау.

X55 кроссовері 1,5 литрлік турбомотормен (177 ат күші, 300 Нм) және алдыңғы жетекпен келеді. Жабдықталуына панорамалы люк, артқы көрініс камерасы, круиз-бақылау, көрінбейтін аймақтарды бақылау, алдыңғы әйнекті жылыту, өреге көтерілуге көмектесу, тайғанаққа қарсы жүйе, автоматты тұрақ және басқа электронды көмекшілер кіреді.

BJ40 жолтабаны рамалық конструкциямен, 2,0 литрлік турбомотормен (234 ат күші, 390 Нм) жабдықталып, артқы немесе толық жетекпен қолжетімді болады. Модельде панорамалы люк, айналмалы шолу камералары, Apple CarPlay қолдайтын мультимедиа, 12 динамигі бар аудиожүйе, сондай-ақ адаптивті круиз-бақылау, жолақтан шықпау, көрінбейтін аймақтарды бақылау және интеллектуалды алыс жарық болады.

BAIC әзірге Қостанайдағы өндірістің басталу күні мен бағаларды жариялап отырған жоқ. Алайда, ОТТС рәсімдеуі әдетте ресми сатылымның жақын арада басталатынын білдіреді.