Байқоңырда тұрақты жұмыс орны мен мүлкі жоқ ер адам алимент төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның кәмелетке толмаған балалары алдындағы қарыз сомасы 5 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қызылорда облысы соттарының ресми Telegram-арнасының мәліметінше, Байқоңыр қалалық сотында азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қаралды.

Іс материалдарына сәйкес, сот бұйрығы негізінде ер адам кәмелетке толмаған балаларын асырау үшін алимент төлеуге міндетті болған. Алайда, атқарушылық құжаттың талаптарын біле тұра, ол міндеттемелерін орындаудан жалтарған.

Қазіргі уақытта қарыз сомасы 5 029 720 теңгені құрады. Құқық бұзушының тұрақты жұмыс орны, табысы және оның атына тіркелген мүлкі жоқ екендігі анықталды.

Сот отырысында ол тұрақты жұмысының болмауына байланысты міндеттемелерін орындай алмағанын түсіндіріп, болашақта қарызды өтейтініне сендірді.

Сот қаулысымен ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.