2025 жылы «Байтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің топ-менеджерлері 440 млн теңге көлемінде сыйақы алды. Басқарма мүшесінің әрқайсысына жылына орташа есеппен 62,9 млн теңге тиесілі болды, деп хабарлайды infohub.kz.

Квазимемлекеттік «Байтерек» холдингі өз топ-менеджерлерінің 2025 жылға 440 млн теңге алғанын мәлімдеді. Бұл сомаға жалақы мен сыйлықақылар кіреді. Өткен жылмен салыстырғанда холдинг басшыларының табысы 20 пайызға өскен.

«Байтеректің» басқарма құрамына жеті мүше кіреді, жыл бойы оның құрамы өзгерген жоқ. Бұлар — басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин және оның орынбасарлары: Нұрболат Айдапкелов (холдинг жоспарлары мен міндеттерінің орындалуын бақылау), Ерсайын Хамитов (қаржы-есеп саясаты), Ғалым Өсен (цифрландыру және технологиялар), Вячеслав Сон (құқықтық және корпоративтік мәселелер), Жандос Шайхы (бизнесті қолдау), Тимур Онжанов (халықаралық ынтымақтастық және стратегия).

Осылайша, холдинг басқармасының әр мүшесіне жылына орташа есеппен 62,9 млн теңге сыйақы тиесілі болды, яғни айына орташа 5,24 млн теңге.

Бұған дейін «АстанаГаз КМГ» («Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниясы) 2025 жылы басқарма мүшелеріне 154,1 млн теңге сыйақы төлегені хабарланған еді.