БАҚАД ақылы жолымен жүру құны екі есеге өседі, алайда бұл барлық автокөлік иелеріне емес, тек қызмет ақысын адал төлемейтіндерге әсер етеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұған дейін 16 тамыздан бастап Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен (БАҚАД) жүру екі есе қымбаттайтыны туралы ақпарат тараған еді. Алайда ҚР Көлік министрлігі жаңа тарифтер барлық қазақстандықтарға қатысты емес екенін нақтылады.

«Негізгі өзгеріс мынада: жол ақысын уақытында төлейтін пайдаланушылар үшін жүру құны іс жүзінде өзгермейді. Осылайша, адал пайдаланушылар үшін жүру құны бұрынғы деңгейде сақталады және көлік құралының санатына қарай 0,07 АЕК-тен (302,75 теңге) 0,22 АЕК-ке (951,5 теңге) дейін құрайды. Жол ақысын алдын ала немесе жол жүру тіркелгеннен кейін жеті жұмыс күні ішінде төлеген кезде белгіленген тарифтің 50 пайызы мөлшерінде жеңілдік қолданылады», – деп хабарлады ведомстводан.

Тарифтің өсуі тек базалық ставкаларға әсер етті, олар пайдаланушы жол жүру тіркелгеннен кейін жеті жұмыс күні ішінде ақы төлемеген жағдайда ғана қолданылады. Мәселен, мұндай бұзушылықтар кезінде қазақстандықтарға төлеуге тура келеді: жеңіл автокөліктер үшін – 0,14 АЕК (605,5 теңге); 16 орынға дейінгі автобустар мен жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – 0,16 АЕК (692 теңге); 32 орынға дейінгі автобустар мен 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – 0,28 АЕК (1 211 теңге); 32 орыннан асатын автобустар мен жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – 0,32 АЕК (1 384 теңге); жүк көтергіштігі 10-нан 15 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – 0,4 АЕК (1 730 теңге); жүк көтергіштігі 15 тоннадан асатын жүк көліктері, оның ішінде седельный тартқыштар үшін – 0,44 АЕК (1 903 теңге).

«Басқаша айтқанда, өзгерістер төлем тәртібін жақсартуға бағытталған және уақытында төлейтін пайдаланушыларға әсер етпейді. Жүру құнын есептеу принципі бұрынғыдай. Төлем мөлшері, бұрынғыдай, көлік құралының санатына және ақылы учаскеде болған уақытқа (бір сағат ішінде) байланысты. Маршрут ұзақтығы жүру құнына әсер етпейді», – деп қосты Көлік министрлігінде.

Сондай-ақ ведомство Алматы облысының Талғар, Қарасай және Іле аудандарының тұрғындары үшін жеңілдік шарттары өзгеріссіз сақталатынын нақтылады. Бұл санаттағы пайдаланушылар үшін айлық және жылдық абонементтердің құны бұрынғы қалпында қалады.