Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Балалардағы созылмалы пиелонефрит

Пиелонефрит — бүйрек өзекшелері мен интерстиций тіні және астауша-тостағанша жүйесінде микробтан болатын созылмалы қабыну ауруы. Көбіне қабынуды тудыруға себепкер — ішек таяқшасы. Ол несепке түскен соң өсіп-көбейіп, әртүрлі дерттік қасиеттерге ие болады. Ішектегі басқа да грамтеріс микробтар (протей, көкірің таяқшасы, клебсиелла т.б.) — пиелонефрит қоздырғышы. Грамоң микробтар (стафилококк, энтерококк), вирустар мен микоплазмалар да қабынуға қатысуы мүмкін. Жедел ағымды пиелонефриттің созылмалы түрге ауысуы әртүрлі бүйрек-несеп жолы ақауларының, не зәр жолында тас байлану әсерінен болатын зәр іркілісіне (уростазға) байланысты. Бүйрек паренхимасының әртүрлі дисплазиясы пиелонефриттін созылуына қолайлы жағдай туғызады. Баланың иммундық реакциясы өзгеріп, ұзақ уақыт цистит, вульвовагинит аурулары сақталса да, созылмалы пиелонефрит дамуына әкелуі ықтимал.

Алғашқы клиникалық белгілері

Дене қызуы, белдің, іштің ауруы, дизурия арқылы көрініс береді. Кейін зәрде өзгерістер, яғни лейкоцитурия, бактериурия байқалады. Пиелонефрит жасырын кезеңде болған кезде балалардан токсикоздың да белгілерін табуға болады. Мұндайда баланың өңі бұзылып, асқа тәбеті нашарлайды, тез шартайды, басы ауырады, қызу пайда болады.

Балалардағы созылмалы пиелонефрит, негізінен, іштен туа болатын ауытқулардан және жүре пайда болатын аурулардың асқынуынан туындайды. Ауруды нақты анықтау үшін алдымен баланың ата-анасында бүйрек ауруларының бар-жоқтығына мән беріледі. Зәрді бірнеше рет мұқият тексеру керек. Егер лейкоцитурия, бактериурия бар болса, онда бұл пиелонефриттің зертханалық негізгі белгілері болып есептеледі. Рентгенурографиялық тексерулер жүргізіліп, мысалы, урография, цистография, цистоскопия, баланың зәр шығару уақыты, қуықтың қызметін бақылау нәтижелеріне талдама жасалады. Зат алмасудың бұзылғанын, тубулопатияны анықтау үшін амин қышқылдары, фосфор, оксалат, ураттар экскрециясы тексеріледі. Эндокриндік, креатинин клиренсін Зимницкий сынамасымен салыстырады, қанда азот қалдықтары, натрий, калий деңгейлері мен қышқыл-сілті тепе-теңдігі де талданады. Сонымен қатар бактериялық титрді анықтау да маңызды.

Емі

Созылмалы пиелонефрит және оның қайталану жағдайларында науқас ауруханаға жатып емделеді. Егер балада дене қызуы және іш өту басым болса, төсек режимі қажет. Баланың аяғын, белін жылы ұстаған жөн. Емдәмге ащы, бұрышталған, қуырылған заттарды енгізбеген дұрыс. Алғашқы күндері тұзы аз сүт және өсімдік тағамдары көбірек беріледі. Уыттану белгілері байқалса, глюкоза т.б. тиісті инфузиялық ерітінділер, гемодез енгізіледі. Шаншып ауырса, но-шпа, папаверин сияқты спазмолитиктер беруге болады. Негізгі ем ретінде жұқпаға қарсы антибиотиктер тағайындау керек. Зәрдегі микробтар зертханалық сынақта қандай антибиотикке сезімтал болса, сол дәріні қолданған жөн. Аурудың негізгі этиологиясы көбіне ішек таяқшаларынан болғандықтан, грамтеріс бактерияларға әсер ететін карбенициллин, ампициллин, цефалоспориндерді басқа дәрілермен үйлестіріп тағайындайды. Зәр тазарған соң ай сайын 10-15 күн бисептиол (бактрим), нитрофуран (тәулігіне әр кг дене салмағына шаққанда 4-7 мг), 5-НОК (әр кг дене салмағына шаққанда 8-10 мг) беріледі. Бұл дәрілердің әрқайсысы 10-14 күндік курспен қолданылады. Одан кейін 15-20 күнге үзіліс жасалады. Осы кезде фитоем қолданған дұрыс. Фитоем ретінде әртүрлі антисептикалық, зәр қуатына әсері бар, қабынуды болдырмайтын емдік шөптер пайдаланылады. Емді витаминдермен, биоиммуно ынталандырғыштармен (продигиозан, спленин, лизоцим т.б.), физиоеммен ұштастырған пайдалы. Аурумен қоса қабаттасатын тонзиллит, холецистит сияқты сырқаттарды емдеп, жазу керек.

Алдын алу

Балаларға, әсіресе қыз балаларға, таза жүру керектігін ескертіп отырған жөн. Егер оларда жедел ағымды ішек жұқпалары, құрт инвазиясы, вульвовагиниттер кездессе, оны дер кезінде емдеу керек. Сондай-ақ иммунитетті арттырудың маңызы зор. Респираторлық жұқпалардың алдын алу, жедел ағымды зәр жұқпасын ерте анықтау, оларды мұқият емдеу қажет. Жедел ағымды пиелонефритке шалдыққан баланы диспансерлік бақылауға алған дұрыс. Созылмалы пиелонефритпен ауырған ересек балалар терапевтердің қарамағына, яғни жасөспірімдер кабинетіне тапсырылады.

А. Наштаев, жоғары санатты бала дәрігері


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама