Банк ЦентрКредиттің негізгі басқару персоналының сыйақысы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36%-ға өскен. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Басқарма және директорлар кеңесі мүшелеріне төленген жалпы төлемдер 2025 жылғы қаңтар-маусымдағы 1,48 млрд теңгеден биылғы жылы 2 млрд теңгеге дейін өсті. Ал банктің жартыжылдықтағы таза пайдасы 16%-ға – 123 млрд теңгеге дейін, ал операциялық пайдасы 10%-ға – 153,9 млрд теңгеге дейін төмендеді.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында басқарма құрамы өзгерді: наурызда вице-президент Рустам Тенизов одан шығарылды, ал шілдеде оның орнын Рустем Абышев басты. Басқармада тұрақты негізде төраға Руслан Владимиров, Нұрлан Шегебаев және Анастасия Овсянникова болды.
Банк тобының директорлар кеңесі де өзгеріске ұшырады: наурызда Джумагелді Аманқұлов пен Вернер Клаас одан шығарылып, олардың орнын Дмитрий Попов пен Әділ Мұхамеджанов басты. Кеңестің тұрақты мүшелері банктің негізгі акционерлері – Бахытбек Байсейітов (52% акция) мен Владислав Ли (12%), сондай-ақ Анвар Сайденов пен Данияр Шаяхметов болып қалды.
Айта кетейік, БЦК-ның бақылау пакетінің иесі Бахытбек Байсейітов Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай адамдары тізімінде $858 млн байлығымен 13-орында тұр.
Бұған дейін BCC Invest еншілес компаниясының басқарма және директорлар кеңесі мүшелері 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 480,8 млн теңге көлемінде сыйақы алғаны хабарланған болатын.


