2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Bank RBK 27 млрд теңге пайда тапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ға, яғни 7,2 млрд теңгеге аз. Пайданың азаюына негізінен пайыздық емес кірістердің қысқаруы әсер етті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Банктің пайыздық түсімі 12%-ға өсіп, 169 млрд теңгеге жетті. Атап айтқанда, клиенттерге берілген кредиттер бойынша пайыздық кіріс 139 млрд теңгені құрады. Пайыздық шығыстар 114 млрд теңге болғанда, таза пайыздық кіріс 54,7 млрд теңге болып, аздап қана — 290 млн теңгеге өсті.
Банктің комиссиялық кірістері 2,8 млрд теңгеге төмендеп, 7,4 млрд теңгеге жетті. Шетел валютасымен жасалған операциялардан түскен пайда 1,7 млрд теңгеге азайып, 18 млрд теңге болды. Ал туынды қаржы құралдарымен — валюталық своптар мен форвардтық валюталық келісімдермен — жасалған операциялар компанияға 10,9 млрд теңге шығын әкелді, бір жыл бұрын бұл операциялардан 4 млрд теңге пайда болған еді.
Сонымен қатар банктің қаржылық міндеттемелерді алғашқы тану кезіндегі пайдасы айтарлықтай — 5,64 есеге — азайып, 1,78 млрд теңге болды (бір жыл бұрын 10 млрд теңге еді). Банктің басқа да операциялық кірістері екі есе өсіп, 3,7 млрд теңгеге жетті. Нәтижесінде банктің пайыздық емес кірістері 2,5 есеге құлдырап, 16 млрд теңге болды. Ал пайыздық емес шығыстар 24 млрд теңгені құрады.
Бірінші жартыжылдықта Bank RBK 3,5 млрд теңге табыс салығын төледі — 2025 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 24%-ға аз. Бұл ретте салық төлеуге дейінгі пайда 21%-ға төмендеді.
Bank RBK активтері 4%-ға өсіп, 2,8 трлн теңгеге жетті. Міндеттемелері 4,7%-ға артып, 2,6 трлн теңге болды.
Айта кетейік, KASE деректері бойынша Bank RBK акцияларының 84,81%-ы «КСС Финанс» компаниясына тиесілі. Ол арқылы банкті Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде екінші орында тұрған, байлығы $5,9 млрд болатын кәсіпкер Владимир Ким бақылайды.
Еске салайық, маусымда Bank RBK активтері бойынша елде 7-орынға көтерілді, бұған дейін 10-орында болатын.


