Қазақстанда несие беру ережелері күшейтілді: енді банктер қарыз алушылардың қаржылық жағдайын мұқият тексеретін болады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ұлттық банк несие беруді реттейтін қаулыға өзгерістер енгізді. Енді несие қабілеттілігін бағалау кезінде банктер клиенттің соңғы алты айдағы қаржылық тарихын ескереді, ал меншікті шоттар арасындағы аударымдар арқылы табысты жасанды түрде көтеру енді өтпейді.

Есептеу кезінде жалақы, зейнетақы, стипендия және әлеуметтік төлемдер ескеріледі. Ақшалай түсімдер кемінде екі түрлі айда тіркелуі тиіс, содан кейін банк орташа айлық табысты анықтайды. Сондай-ақ қарыз алушының міндеттемелерін бақылау күшейтілді: есептеуге несиелер, микронесиелер, мерзімі өткен төлемдер және кейбір есептен шығарылған қарыздар алынады. Егер төлемдер мөлшері табысқа қатысты тым үлкен болса, жаңа несие беруден бас тартылуы мүмкін. Сонымен қатар, банктер қарыздың табысқа қатынасы коэффициентін (ҚТҚ) қолданатын болады.

Ұлттық банктің ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры – баспасөз хатшысы Асан Ахметжанның түсіндіруінше, ҚТҚ қарыз алушының жылдық табысына қатысты қарыз сомасын көрсетеді. Бұл көрсеткіштің жоғары мәні жоғары қарыз жүктемесін және төлем қабілетсіздігі ықтималдығының артуын көрсетеді. Бастама банктердің жауапты несие саясатын ынталандыруға, халықтың шамадан тыс несиелену қаупін азайтуға, қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға және несиелеу құрылымын теңгерімді қалыптастыруға бағытталған.

Әзірге ҚТҚ мониторингтік сипатқа ие – азаматтар үшін қатаң шектеулер белгіленбеген. Дегенмен, 21 жасқа толмаған қарыз алушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және құмар ойынға тәуелділік белгілері бар клиенттер жеке тексерілетін болады. Сонымен қатар, ҚТҚ шектеулері несиелердің барлық түрлеріне қолданылмайды: білім беру несиелері, жекелеген ипотекалық және автокөлік несиелері ерекшелік болып табылады.