Еліміздің банк секторы активтерінің шамамен 90%-ын құрайтын ірі банктер 2027 жылы толық ауқымды қадағалау кибероқу-жаттығуларына тартылады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады, деп жазады infohub.kz.
Аталған жоспарларды «Цифрлық сенімсіздік: жасанды интеллект алаяқтар мен қорғаушылар үшін ойын ережесін қалай өзгертеді» панельдік сессиясында агенттік төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымов айтты. Іс-шара Астанада KazHackStan 2026 халықаралық киберқауіпсіздік конференциясы аясында өтті.
Бұған дейін агенттік пилоттық қадағалау кибероқу-жаттығуларын өткізген. Тексеру барысында банк құрылымдарының шабуылдарға қарсы тұру, сондай-ақ ықтимал оқиғалардан кейін ақпараттық жүйелердің жұмысын жедел қалпына келтіру қабілеті бағаланды.
Әбілқасымовтың айтуынша, жасанды интеллект кең тараған жағдайда банктерді қадағалау бағалауы екі негізгі бағытты қамтиды. Біріншісі корпоративтік басқару саласына қатысты — банктердің ресурстары, бейінді командалардың толықтығы және ішкі процестерді ұйымдастыру жайы сөз болады. Екінші бағыт толық ауқымды кибероқу-жаттығуларын өткізуді көздейді.
KazHackStan 2026 конференциясын Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Конференция жұмысына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, қазақстандық және халықаралық CERT-командалардың, банктердің, қаржы және технологиялық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ әзірлеушілер, зерттеушілер мен сарапшылар қатысты.
Іс-шараға қатысушылар жасанды интеллектіні қолдануды, цифрлық технологиялардың дамуын, киберқауіптер мен алаяқтықтың жаңа түрлерін, сондай-ақ цифрлық инфрақұрылым мен қаржы секторын қорғау әдістерін талқылады.
Бұған дейін «Курсив» президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі мен оның аппаратының өкілеттіктерін нақтылағанын жазған. Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасарының міндеттері қатарына ақпараттық және киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні қолдану және дербес деректерді қорғау мәселелері енгізілді.


