Ақмола облыстық соты Қуандық Бишімбаевтың немере ағасы Бақытжан Байжановтың мерзімінен бұрын босатылу себептерін түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, Байжановқа қатысты жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту туралы ұсынысты ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №4 мекемесінің бастығы жіберген. Сотталушы мен оның қорғаушылары бұл өтінішті қанағаттандыруды сұраған, прокурор да қолдаған.

Заң бойынша, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған, теріс мінез-құлық сипаты жоқ және амнистия қолданылған кезде өтелмеген жаза мерзімі бір жылдан аспайтын адамдарға негізгі жазаның өтелмеген бөлігі қысқартылады. Байжанов ауыр қылмыс жасаған, бірақ теріс сипаттамасы болмаған, ал өтелмеген мерзімі небәрі 3 ай 18 күнді құраған.

Сот отырысында сотталушы амнистияны қолдануға қарсы болмады. Сот ұсынысты қанағаттандырып, өтелмеген мерзімді толық қысқартты. Байжанов бас бостандығынан айыру орындарынан босатылды, алайда қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін адвокат Ғазиз Ынтықбаев Байжановтың бостандыққа шығып, отбасына оралатынын хабарлаған еді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл ақпаратты растап, оған қатысты 6 жыл мерзімге пробациялық бақылау және әкімшілік қадағалау белгіленгенін айтты.