АҚШ-тың Аризона штатында Барби қуыршағына толық арналған әлемдегі алғашқы қонақүй пайда болады. The Barbie Hotel құрылысы туралы Mattel компаниясы мен VAI Resort курорттық кешені хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Жаңа қонақүй Глендейл қаласындағы ауқымды Mattel City ойын-сауық паркінің бөлігіне айналады. Бұған дейін бұл жобаны Mattel Adventure Park деген атаумен ашу жоспарланған еді. Әзірлеушілер болашақ кешеннің аумағын 3,6 гектардан 5,6 гектарға дейін ұлғайтып, оны қонақтар бірнеше күн тоқтайтын курортқа айналдыруды шешті.
VAI Resort иесі Томми Фишердің айтуынша, жоба қарапайым аттракциондар паркінің шеңберінен шығып, қонақтарға атақты ойыншық брендтерінің атмосферасына толық енуге мүмкіндік береді.
Қызғылт түсті The Barbie Hotel мұнарасынан бөлек, аумақта өндірушінің Hot Wheels және Uno сияқты басқа да өнім желілеріне арналған тағы бір тақырыптық қонақүй салынады. Екі жаңа қонақүй кешенге 800-ден астам нөмір қосады, ал бүкіл курорттың жалпы нөмір қоры екі мыңнан асып түседі. Ішінде қонақтарды тақырыптық люкстер, мейрамханалар және кондиционері бар жабық ойын-сауық алаңдары күтіп тұр — олар ыстық Аризонада жыл бойы туристер қабылдауға мүмкіндік береді.
Парктің өз аумағында Barbie, Monster High, Polly Pocket және Masters of the Universe әлемдерінің желісімен жасалған 35 тақырыптық аймақ пен жаңа аттракцион пайда болады. Кешеннің ашылу күні мен Барбидің алғашқы қонақүйінде тұру құнын компаниялар кейінірек жариялайтынын уәде етті.


