Қазақстанда ең ауыр құқық бұзушылықтардан зардап шеккен азаматтар зардап шеккендерге өтемақы төлеу қорынан алғашқы мемлекеттік қаржылық қолдау ала алады. Төлем мөлшері 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі түсіндіргендей, елде «Зардап шеккендерге өтемақы төлеу қоры туралы» заң қолданыста. Ол ең ауыр құқық бұзушылықтардан зардап шеккен азаматтарға алғашқы мемлекеттік қаржылық қолдау көрсетуге бағытталған.
«Бұл төлем — мемлекет тарапынан берілетін материалдық көмек. Ол кінәлінің анықталғанына, жауапкершілікке тартылғанына және зиянды өтегеніне қарамастан төленеді», — деп атап өтті қадағалау органында.
Заңнамада ақшалай қаражат алуға құқығы бар азаматтар санаттары нақты белгіленген. Олардың қатарында жыныстық зорлық-зомбылық құрбандары болған кәмелетке толмағандар; адам саудасы мен азаптау құрбандары; денсаулығына ауыр зиян келтірілген адамдар, сондай-ақ қылмыс салдарынан АИТВ/ЖИТС жұқтырғандар бар. Сонымен қатар, зардап шеккен адам қайтыс болған жағдайда оның заңды өкілдері, яғни жақын туыстары төлем алуға құқылы. Тиісті баптардың тізбесі заңда көрсетілген.
Төлем біржолғы болып табылады, оның мөлшері айлық есептік көрсеткіш негізінде есептеледі және қылмыс санатына қарай 30-дан 50 АЕК-ке дейін құрайды. Өтініш беру мерзімі адамды зардап шеккен деп таныған күннен бастап үш жыл.
«Қылмыстық қудалау органы адамды зардап шеккен деп тану туралы қаулы шығарған кезде оған Қордан өтемақы алу құқығы мен өтініш беру тәртібін жазбаша түсіндіруге міндетті. Банктік шотын көрсетіп, өтінішті істі жүргізіп отырған тергеушіге беруге болады. Төлем іс жүргізу құжаттарының пакеті қалыптасқаннан кейін Қазынашылық тарапынан қолма-қол ақшасыз тәртіппен жүзеге асырылады», — деп түсіндірді Бас прокуратурада.
Қадағалау органы бұл қаржылық көмекті алу азаматты кінәлі адамнан материалдық және моральдық зиянды толық өтеуді сот тәртібімен талап ету құқығынан айырмайтынын қосты.


