Қазақстандағы Beeline операторын иеленетін «КаР-Тел» компаниясы бірінші санаттағы төлем ұйымының лицензиясын алуға ниетті. Бұл мәртебе оған заңды тұлғалардың шоттарын ашуға, төлем карталарын шығаруға және банкаралық төлемдер жүйесіне қосылуға жол ашады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Төлем қызметтері мен төлем инфрақұрылымын дамытуға бағытталған тиісті ынтымақтастық меморандумы Central Asia Fintech Summit 2026 алаңында жасалды. Құжатқа Ұлттық банк, халықаралық VEON компаниясы және VEON тобына кіретін «КаР-Тел» қол қойды.
Келісім бойынша VEON холдингінің компаниялары бірінші санаттағы төлем ұйымының лицензияларын алады. Сонымен қатар тараптар төлем қызметтерін жетілдіру және заманауи цифрлық төлем сервистерін енгізу жөнінде бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жаленов бұған дейін түсіндіргендей, төлем ұйымының лицензиясы депозит ашу мен несие беруден басқа, банктік қызметтердің барлық түрін көрсетуге құқық береді. Төлем ұйымы жеке және заңды тұлғалардың шоттарын ашып, карта шығара алады және бірыңғай QR-код арқылы төлемдер жүргізе алады.
VEON тобына кіретін «КаР-Тел» Қазақстанда Beeline брендімен ұялы байланыс операторы ретінде жұмыс істейді. Компания өзінің төлем сервисін де дамытып келеді: 2021 жылы Simply мобильді необанкі іске қосылған. Оның қосымшасында виртуалды карта ашып, түрлі төлем мен аударым жасауға болады.
Бұған дейін VEON бас директоры Каан Терзиоглу компания қазақстандық Kaspi.kz финтех-компаниясымен, сондай-ақ Yandex брендімен жұмыс істейтін жергілікті такси сервистерімен бәсекелесуге ниетті екенін мәлімдеген.


