Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Bek Air әуекомпаниясының нақты иесі Нұрлан Жұмасұлтановқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Ол аса ірі мөлшерде авиациялық қозғалтқыштарды ұрлады деп күдікке ілінген. Тоналған агрегаттардың біреуі кейін тасымалдаушының ұшағына орнатылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Істің мән-жайын журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында жариялады. Оның мәліметінше, Жұмасұлтанов ұсталып, 9 қыркүйекте Алматының тергеу соты оны екі айға қамауға алуға санкция берген.
«Апатқа ұшыраған «Фоккер-100» ұшағында ұрланған қозғалтқыштардың біреуі тұрған — оны нөмірі бойынша анықтады. Яғни, біреу ауыр агрегатты консервацияланған ұшақтан алып, оны Bek Air-ге тиесілі лайнерге ауыстырып қойған. Бірақ мұны кім істеген болуы мүмкін? Бұл сұраққа жауапты көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері бірнеше жыл бойы іздестірді, оның ішінде шетелге де халықаралық тапсырмалар жіберді», — деп жазды Козачков.
Журналистің дерегінше, биылғы жылы Бас көлік прокуратурасы бұл іс бойынша іс жүргізуді Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берген.
«Ал ҰҚК-де ақыры күрделі ребусты шешуге қол жеткізді. Олар ұрланған қозғалтқыштардың біреуі Bek Air ұшағында тұрғандықтан, бұған әуекомпанияның иелері немесе басшылары қатысты болуы мүмкін деген қорытындыға келді», — деді Козачков.
Осыдан кейін Нұрлан Жұмасұлтановты жауап алуға шақырып, күдікті деп танып, ұстаған. Козачковтың мәліметінше, істің тағы бір фигуранты үйқамаққа алынған.
Жұмасұлтановқа Қылмыстық кодекстің 188-бабының 4-бөлігі — аса ірі мөлшерде ұрлық жасау айыпталып отыр. Баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, бес жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Бас көлік прокуратурасы «Курсивке» істі ҰҚК-нің орталық аппараты тергеп жатқанын, қадағалауды БКП жүзеге асыратынын растады.
«Істі ҰҚК-нің орталық аппараты тергеп жатыр, қадағалауды БКП жүргізеді», — делінген ведомство хабарламасында.
Прокуратура Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпаратты жарияламады.


