Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қоры басшылығы ұсталғаннан кейін қор серіктестеріне арнап мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, басқарманың жаңа төрағасы жақын арада тағайындалады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Самұрық-Қазына» АҚ сайтында жарияланған мәлімдемеде қазіргі таңда құқық қорғау органдары жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу іс-шараларын жүргізіп жатқаны және барлық мән-жай анықталып жатқаны айтылған. Премьер-министр ахуалдың мемлекет басшысының бақылауында екеніне сендірді.

«Бұл кезеңде сөз нақты бір оқиға туралы болып отыр, ол қордың бүкіл компаниялар тобының қызметіне күмән келтіруге негіз бермейді. Жақын арада «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады. Бұл ретте басқарудың толық сабақтастығы мен қор қызметінің үздіксіздігі қамтамасыз етіледі», — деді Бектенов.

Оның айтуынша, топқа кіретін барлық компания қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр, ал қордың даму стратегиясы өзгеріссіз қалады. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бекітілген жоспарларға сәйкес жалғасады.

«Инвесторлар, кредиторлар, банктер және халықаралық қаржы институттары алдындағы барлық қаржылық, шарттық және борыштық міндеттемелер уақтылы және толық көлемде орындалады. Сонымен қатар болған жағдай корпоративтік басқаруды одан әрі нығайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау бойынша жүйелі шаралар қабылдауды талап етеді. Қор директорлар кеңесінің төрағасы ретінде қор мен оның еншілес ұйымдары директорлар кеңестерінің, сондай-ақ олардың жанындағы бейінді комитеттердің, ең алдымен аудит және тәуекелдерді басқару комитеттерінің рөлін күшейту қажет деп санаймын», — деп қосты премьер-министр.

Ол сондай-ақ ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит тетіктері қайта қаралып, күшейтілетінін мәлімдеді. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға, мүдделер қақтығысын анықтауға, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға және басшылардың жеке жауапкершілігін күшейтуге ерекше көңіл бөлінеді.

«Біздің міндетіміз — нақты бұзушылықтарға ден қою ғана емес, ең алдымен олардың қайталануына жағдай жасамайтын тиімді жүйе құру. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қордың стратегиялық бағытының өзгермейтінін, тұрақтылық, ашықтық және жауапты серіктестік қағидаттарына берілгендігін растайды. Қазақстан халықаралық инвестициялық және қаржы қауымдастығы үшін сенімді серіктес болып қала береді. Біз инвесторларымыз бен кредиторларымыздың сенімін жоғары бағалаймыз және ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз», — деп қорытындылады Бектенов.

Еске салайық, 12 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов пен «ҚТЖ» басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын хабарлаған болатын. Көп ұзамай «Самұрық-Қазына» мен «ҚТЖ» басшыларының ұсталуы туралы бейнежазба әлеуметтік желіде тарады.

Осыдан кейін «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты ахуалға түсініктеме берді. Кейін қор АҚ және топқа кіретін барлық компания қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Бүгін сот «Самұрық-Қазына» басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «ҚТЖ» басшысы Елжас Отыншиевке қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолданғаны белгілі болды.