Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов бакалавриат бағдарламаларын үш жылдық оқуға көшіру туралы депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұған дейін депутат Махамбет Хасенов қазақстандық бизнеске маман жетіспейтінін айтып, студенттердің оқу мерзімін қысқартуды ұсынған болатын. Оның айтуынша, инвестиция тартып, зауыт салып, құрылғы сатып алуға болады, бірақ оны іске қосатын маман болмаса, инвестиция толыққанды экономикалық нәтижеге айналмайды. Хасеновтің пікірінше, үш жылдық формат — бағдарламаны жай ғана қысқарту емес, сол білім мен құзыретті тиімдірек форматта меңгеру.
Олжас Бектенов атап өткендей, әлемдік тәжірибеде бакалавриаттың түрлі модельдері бар, оның ішінде үш жылдық та, төрт жылдық та бағдарламалар кездеседі. Оқу ұзақтығы ұлттық білім жүйелерінің ерекшелігімен, білім беру бағдарламаларының мазмұнымен және кәсіби біліктілікке қойылатын талаптармен айқындалады. «Қазақстанда заңнамалық база білім беру үдерісін икемді ұйымдастыруға мүмкіндік береді, бұл ретте кәсіби даярлық сапасына қойылатын талаптардың қатаң сақталуы қамтамасыз етіледі», — делінген жауапта.
Премьер-министр шешуші фактор оқу ұзақтығы емес, белгіленген академиялық кредит көлемінің орындалуы мен білім беру бағдарламасында айқындалған оқу нәтижелеріне қол жеткізу екенін атап өтті.
«Үш жылдық бакалавриат бағдарламаларын іске асыру заңнамамен реттеледі. Мұндай форматты білім беру бағдарламасын қарапайым механикалық қысқарту ретінде емес, кәсіби даярлық сапасына нұқсан келтірмей, оқу үдерісін икемдірек ұйымдастыру мүмкіндігі ретінде қарастырған жөн. Сонымен қатар бұл форматты қолдану мүмкіндігі нақты оқу саласының ерекшелігіне байланысты. Атап айтқанда, академиялық кредиттің көбірек көлемін, міндетті практикалық даярлықты немесе ерекше біліктілік талаптарын сақтауды талап ететін бағдарламалар жеке тәртіппен қаралуға тиіс», — деп қосты Бектенов.
Оның айтуынша, медицина мен ветеринария, өнер, сондай-ақ білім, жаратылыстану ғылымдары, инженерия және гуманитарлық ғылымдар саласындағы бірқатар пәндер сияқты кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру терең әрі жүйелі теориялық және практикалық даярлықты талап ететін салаларда ерекше көзқарас қажет.
Бектенов қазір кейбір жоғары оқу орындары сұранысқа ие бағыттар бойынша, оның ішінде компьютерлік ғылымдар, киберқауіпсіздік, үлкен деректерді талдау, бағдарламалық инженерия, ақпараттық жүйелер мен жасанды интеллект, цифрлық құқық, бизнес-аналитика және маркетинг бойынша триместрлік оқу жүйесін енгізгенін қосты. Бұл жүйе бойынша 16 мыңнан астам студент оқиды.


