Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов өңірлердегі жолдардың жай-күйіне байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне және әкімдіктерге тапсырма берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Үкіметтің Telegram-арнасында жазылғандай, кабинет басшысы Өнеркәсіп министрлігі мен әкімдіктерге өңірлердегі жолдарды бақылауды күшейтуді талап етті.
«Президент өңірлердегі инфрақұрылымды жаңғырту, әсіресе жол сапасы мәселесін бірнеше рет көтерді. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы қажетті қаражатты бөліп отыр. Жергілікті жерлерде нысаналы жұмсалуын бақылауды күшейту керек. Еліміздің ішіндегі және халықаралық маңыздағы жолдар сапаның барлық стандартына сай болуы тиіс. Әкімдік өз аумағындағы жұмыстарды бақылауға алуы қажет. Азаматтардың шағымдарының басым бөлігі ішкі жолдарға қатысты. Қатаң бақылауға алыңыздар», — деді Олжас Бектенов.
Ағымдағы жылы Қазақстанда 11 мыңнан астам км жол құрылыс, реконструкция және жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Соңғы 7 жылда елде барлығы 36,3 мың км автожол салынып, жөнделді.


