25 шілде күні кешке Берлин орталығында жоғары жылдамдықпен келе жатқан фургон Christopher Street Day (CSD) ЛГБТ-шеруінің қатысушыларына соқтығысты. Салдарынан бір адам қаза тауып, 17 адам жарақат алды, деп хабарлайды infohub.kz.
Қайғылы оқиға Бранденбург қақпасының жанындағы Тиргартен саябағында болды. Полиция мәліметінше, көлік адамдарды қағып, артынша ағашқа соқтығысқан. Көмек қызметтері оқиға орнына келгенде, фургон бос тұрған.
Сегіз адам ауыр жараланса, үшеуінің жағдайы аса ауыр деп бағалануда.
Bild басылымының куәгерлерге сілтеме жасауынша, көліктен бір ер адам жүгіріп шығып, ізін суытқан. Полиция ауқымды іздеу жедел-іздестіру шараларын бастады. Күдіктінің жеке басы анықталды – ол исламшыл топтармен байланысы бар делінетін 21 жастағы Абдул Б. Ол әлі қашықта жүр, іздеу жалғасуда. Оқиғадан кейін мамандар көлікті жарылғыш заттарға тексерген, алайда оның табылғаны туралы хабарланбады.
Қайғылы күні Берлинде Еуропадағы ең ірі ЛГБТ-шерулерінің бірі – жыл сайынғы Christopher Street Day өтіп жатқан болатын. Оған жүздеген мың адам қатысқан. Апаттан кейін барлық мерекелік іс-шаралар дереу тоқтатылды.
Тергеу оқиғаны әдейі жасалған шабуыл деп қарастыруда. Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Соңғы жылдары Германия мұндай шабуылдарға бірнеше рет тап болды. 2026 жылғы мамырда Лейпцигте жүргізуші жаяу жүргіншілер аймағына кіріп кетіп, екі адам қаза тапты. 2025 жылы Мангейм мен Мюнхенде ұқсас шабуылдар орын алса, 2024 жылғы желтоқсанда Магдебургтегі Рождество жәрмеңкесінде бірнеше адам көлік соқтығысынан қаза болды.


