Қазақстанның бес қаласында 11 қазанда ауадағы ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі. «Қазгидрометтің» хабарлауынша, ескерту Орал, Алматы, Астана, Атырау және Ақтөбе қалаларына қатысты, деп жазады infohub.kz сайты.
Қолайсыз метеожағдай желсіз тынық ауа, әлсіз жел, тұман немесе температуралық инверсия қабаттасқанда қалыптасады. Мұндай кезде ластаушы заттар нашар таралып, атмосфераның жерге жақын қабатында жинақталады.
Ластану деңгейіне жауын-шашын, ылғалдылық пен температура да әсер етеді. Алайда ҚМЖ болжамы ауа сапасының нашарлау қаупін ғана ескертеді, зиянды заттардың рұқсат етілген шектен асуын растамайды.
Қолайсыз метеожағдайда тұрғындарға, әсіресе автожолдар мен ластану көздерінің маңында, далада аз уақыт жүрген жөн. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартуға кеңес беріледі. Өкпесінің созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар қажетті дәрілерін қасында ұстауы керек. Сонымен қатар ашық ауадағы дене жүктемесін шектеп, спортпен шұғылдануды үй ішіне көшірген дұрыс.
Бұған дейін «Курсив» 11 қазанда Қазақстанның 14 өңірінде тұман, қатты жел және өрт қаупінің жоғарылығына байланысты дауылды ескерту жарияланғанын жазған болатын. Алакөл көлдерінің маңында жел екпіні 17–22 м/с жетуі мүмкін.


