Атырау – Ақтөбе бағытымен жүрген пойызда билетсіз келе жатқан ер адам көз жұмды. Кінәлілер жауапқа тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиға 2026 жылғы 13 шілдеде Қандыағаш – Ақтөбе учаскесіндегі №691/692 жолаушылар пойызында болды. «Жолаушылар тасымалы» компаниясының хабарлауынша (деп жеткізді «Қазинформ» ХАА), пойыз бастығы билетсіз жолаушының вагонға отырғызылғанын, ал оны проводниктің өткізгенін мәлімдеген. Жолаушы жол үстінде кенеттен қайтыс болды.

Компанияның қосуынша, вагондағы ауа кондиционерлеу жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеген, ал температуралық режим белгіленген нормативтерге сәйкес болған.

Мәйіт Ақтөбе станциясына келгеннен кейін қажетті процессуалдық іс-шараларды жүргізу үшін уәкілетті органдардың қызметкерлеріне тапсырылды.

Ішкі қызметтік тергеу қорытындысы бойынша вагонның екі проводнигі мен пойыз бастығымен еңбек шарттары бұзылды. Сонымен қатар, Ақтөбе учаскесінің бастығы мен өндірістік оқыту нұсқаушысына қатаң сөгіс жарияланды. «Батыс» филиалының басшылық құрамына қатысты да жұмыстан шығаруға дейінгі қатаң тәртіптік шаралар қолдану жоспарлануда.

Оқиғаның мән-жайын Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері тергеп жатыр. Жолаушының екі жақты өкпе қабынуынан қайтыс болуы мүмкін деген болжам бар.