Қазақстандық оқушылар мен мұғалімдер пайдаланатын BilimClass білім беру платформасы кибератакаға тап болды. Бұл туралы сервис өкілдері Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Платформаның дерегінше, шабуыл 29 қарашада сағат 1:09-да тіркелген. «Қазіргі басты басымдығымыз — оқушылардың, ата-аналардың және педагогтердің деректерін қорғау. Командамыз алғашқы шараларды қолданып үлгерді және шабуылдың платформа жұмысына әсерін тексеріп жатыр», — деді BilimClass өкілдері.

Пайдаланушыларға келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұралды. «Келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз. Жақын арада BilimClass-тың ресми арналарында жаңарту жариялаймыз», — делінген ресми хабарламада.

Кейін компания тексеру нәтижелерін нақтылады: кибератака кезінде қаскөй мәтінді аудару сервисіне қол жеткізіп, кейбір оқу пәндерінің атауларын өзгерткен. Бұзушының әрекеті дереу тоқтатылды, деп атап өтті платформа өкілдері.

«Платформаға кірудің уақытша шектелуі пайдаланушылардың деректеріне әсер еткен жоқ, олар қорғауда. Тексеруді жалғастырып, оның нәтижелерін хабарлайтын боламыз», — делінген хабарламада.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын қазақстандықтар BilimClass жұмысындағы ақауларға шағымданған еді. Анықталғандай, платформада техникалық оқиға болып, салдарынан пайдаланушылардың бір бөлігі қате хабарламалар алуы мүмкін болған.