Қазақстанда кейбір сатушылар әлі де белгілі бір банктің QR-коды арқылы төлеуді талап етеді, бірақ заң бірыңғай кодты қабылдауға міндеттейді. Бұл заңды ма және бұзушыларға қандай айыппұл қарастырылған — осыны анықтап көреміз, деп хабарлайды infohub.kz.
2026 жылдың 16 қаңтарынан бастап Қазақстанда «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңға өзгерістер енгізілді, оған сәйкес кәсіпкерлер бірыңғай QR-код арқылы төлем қабылдауды қамтамасыз етуге міндетті. ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) мәліметінше, карточкалар және мобильді төлемдер арқылы төлем қабылдау үшін POS-терминалдарды пайдаланатын барлық сатушылар банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қосылған кез келген банктің бірыңғай QR-коды арқылы төлеу мүмкіндігін ұсынуы тиіс.
МКК түсіндіргендей: «Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі арқылы төлем карточкаларын және мобильді төлемдерді қабылдауға арналған POS-терминалдарды қолданатын кәсіпкерлік субъектілері аталған жүйеге қосылған банктердің клиенттерінен бірыңғай QR-код арқылы төлем қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті». Осылайша, сатып алушы жүйеге қатысушы кез келген банктің қосымшасы арқылы тауарды төлеуге құқылы.
Егер сатушы бірыңғай QR-код арқылы төлем қабылдаудан бас тартса немесе тек белгілі бір қосымшаны пайдалануды талап етсе, бұл заң бұзушылық болып саналады. Қажетті жабдықтың (POS-терминалдың) болмауы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 195-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Бірінші бұзушылық – ескерту, жыл ішінде қайталанатын бұзушылық – айыппұл: шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 40 АЕК (2026 жылы 173 000 теңге), орта – 60 АЕК (259 500 теңге), ірі – 100 АЕК (432 500 теңге).
Сатушының «өз» банкінің терминалы арқылы төлеуді талап етуі заңға негізделмеген. Эквайринг мөлшерлемелері әртүрлі болса да, бұл сатушыға сатып алушының төлем тәсілін таңдауын шектеуге құқық бермейді. Сатып алушы бірыңғай QR жүйесіне қосылған кез келген банкті пайдалануға құқылы.


