Салтанат Нукенованы өлтіргені үшін сотталған Қуандық Бишімбаевтің бұрынғы әйелі Назым Қахарман оның анасы өзіне қарсы сотқа талап арыз бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz.
Қахарман Instagram-дағы жазбаларында бұрынғы қайын енесі одан шамамен 25 миллион теңге өндіріп алуды көздеп отырғанын айтты. Оның айтуынша, бұл — соңғы екі жылда олар тарапынан түскен төртінші талап арыз, алайда Бишімбаевтің анасынан түскен алғашқысы. Ал Қахарманның өзі осы уақыт ішінде тек бір ғана талап арыз берген — ата-ана құқығынан айыру туралы.
Ол сондай-ақ талаптың мәнін түсіндірді: бұрын фитнес-клуб орналасқан, Қуандық Бишімбаевтің анасына ресімделген үй-жай туралы болып отыр. Қахарман бизнесті сенімгерлік басқару шарты негізінде жүргізгенін, осыған байланысты талап қойылғанын айтады.
«Қазір сенімгерлік басқару шарты тұзаққа айналуы мүмкін екенін түсініп отырмын. Жылдар өткен соң менен талапкерлер осы бизнестен түскен деп есептейтін ақшаны қайтаруды талап етіп отыр», — деді Қахарман.
Бишімбаевтің бұрынғы әйелі енді өзінің алимент төлеу туралы талаппен сотқа жүгінуін жоққа шығармады.


