Степногорск қаласындағы №5 мекемеде — Қуандық Бішімбаев жазасын өтеп жатқан колонияда — кіруді бақылаудың заманауи бейнедомофондық жүйесі енгізіліп, жергілікті бюджеттен қаладағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаражат бөлінді. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі Telegram-арнасында хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Аталған ақпаратқа сәйкес, биыл Степногорск қаласының прокуратурасы жергілікті бюджеттен қаладағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаражат бөлу мәселесін шешті.
Бұған дейін хабарланғандай, Қуандық Бішімбаев жазасын өтеп жатқан №5 мекемеде қадағалау органы кіруді бақылаудың заманауи бейнедомофондық жүйесін енгізді. Қажет болғанда сотталған адам шақыру түймесін басады, содан кейін кезекші бөлімнің қызметкері бейнебайланыс арқылы оның жеке басын анықтап, шығу мақсатын нақтылайды. Тек расталғаннан кейін ғана есік ашылып, адам өткен соң автоматты түрде жабылады.
«Жүйе сотталғандардың бақылаусыз жүріп-тұруын болдырмауға, өткізу режимін күшейтуге және қызметкерлер мен нысанның жалпы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», — деді ведомствода.
Бұған дейін YouTube-арналардың бірі таратқан Бішімбаевтың колонияда жоқтығы туралы ақпарат жарияланған болатын. Сол кезде Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жағдайға түсініктеме беріп, сотталған адам ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқанын мәлімдеді. Кейінірек Қуандық Бішімбаевтың адвокаты NUR.KZ-ке қорғалушысының қазір қайда жүргенін және колониядағы ұстау жағдайын айтып берді. Сондай-ақ сенат кулуарларында бұрын ІІМ басшысының орынбасары болған депутат Марат Қожаевтан сотталған Қуандық Бішімбаевтың қалай және қайда отырғаны неге көрсетілмейтіні сұралды. Қожаев ресми тұлғаларға сену керектігін, ал сотталған адам Степногорск қаласындағы ең жоғары қауіпсіздік колониясында ұсталып жатқанын айтты.
2023 жылғы 9 қарашада Астанадағы мейрамханалардың бірінде дене жарақатын салу салдарынан Қазақстан Республикасының бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаевтың азаматтық жұбайы Салтанат Нүкенова қаза тапты. 12 қарашада Бішімбаев екі айға қамауға алынды. Нүкенова қаза тапқан «Гастроцентр» директоры Бақытжан Байжанов та қамауға алынды.
Осы іс бойынша тергеу қаңтардың басында аяқталды. Бұрынғы министр Қуандық Бішімбаев пен оның ағасы Бақытжан Байжановқа қатысты сот 27 наурызда басталды. Процесс ашық режимде өтіп, онлайн-трансляцияны барлық тілеген адам Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының YouTube-арнасынан көре алды. Екеуін де 12 адамнан тұратын алқабилер соты қарады.
Мамырдың ортасында Қуандық Бішімбаев Салтанат Нүкенованы өлтіргені және оны азаптағаны үшін ең жоғары қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін 24 жылға бас бостандығынан айырылды. 28 мамырда Қуандық Бішімбаевтың ісі бойынша апелляциялық шағым берілді. 11 маусымда Бішімбаев пен Байжановтың ісі бойынша апелляциялық шағым Астана сотына түсті. 26 маусымда Астана сотында Қуандық Бішімбаев пен Бақытжан Байжановтың апелляциялық шағымы бойынша сот алқасы қабылдаған шешім жарияланды. Екі сотталғанға да үкім өзгеріссіз қалдырылды.


