Халықаралық «Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы («Сырым» өткізу пункті)» автожолымен сапар шегуді жоспарлап жүрген жүргізушілерге қозғалыстың уақытша шектелетіні туралы ескертілді. Шаған өзенінің үстіндегі көпірді қалпына келтіру жұмыстарына байланысты 26 шілдеде көліктің барлық түрі үшін қозғалыс алты сағатқа толық тоқтатылады, деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-на сілтеме жасаған infohub.kz сайты.

Жол қызметінің хабарлауынша, жөндеу жұмыстары Батыс Қазақстан облысындағы KAZ10 «Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы («Сырым» ө/п)» халықаралық маңызы бар автожолының 247-шақырымында орналасқан Шаған өзенінің көпірінде жүргізіледі.

«Қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 2026 жылғы 26 шілдеде осы учаскеде барлық автокөлік құралдары үшін қозғалысқа уақытша шектеу енгізіледі. Шектеулер сағат 05:00-ден 11:00-ге дейін күшінде болады», – деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол».

Жүргізушілерге сапарларын жоспарлау кезінде өзгерістерді ескеру, алдын-ала балама бағыттарды таңдау және жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша қолайсыздықтарды түсіністікпен қабылдау ұсынылады.

Қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін көпірдегі қозғалыс әдеттегі режимде қайта жандандырылады деп жоспарлануда.