Батыс Қазақстан облысында 2026–2027 оқу жылының басында сегіз ауылдың балалары жаңа мектептерге ие болды. Жеті шағын жинақты оқу орны жер қойнауын пайдаланушы компанияның қолдауымен, тағы біреуі жергілікті бюджет қаражатына салынды, деп хабарлайды infohub.kz.

Ақжайық ауданындағы Кеңсуат негізгі орта мектебінің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен «КПО б.в.» компаниясының бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев қатысты. Кеңсуат ауылында 400-ге жуық адам тұрады. Өңір басшысы Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

«Жүйелі жұмыстың арқасында өңірдегі 14 авариялық, 6 үш ауысымды және 12 бейімделген мектеп ғимаратының мәселелері толық шешілді. Осы мектеп қабырғасынан өз еліне қызмет етуге дайын білімді, білікті, белсенді азаматтар шықсын! Жаңа нысан ауыл үшін білім мен тәрбие ошағына, даму мен жаңа жетістіктерге ұмтылысқа айналсын!», — деді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.

Жаңа мектеп 60 орынға есептелген. Барлық 10 оқу кабинеті интерактивті панельдермен жабдықталған. Ғимаратта шеберхана, кітапхана, асхана, акт залы және спорт залы бар.

Бөрлі ауданының Ақсай қаласындағы №9 мектеп «Келешек мектептері» жобасы аясында салынды. Жаңа оқу жылында нысан 750 оқушыны қабылдады. 34 сынып құрылып, 35-тен астам педагог жұмысқа кірісті. Сонымен қатар, мектеп 44 оқу кабинетімен жабдықталған. Олардың ішінде робототехника және STEM-зертханалары бар. Сондай-ақ 150 орындық акт залы және үш спорт залы бар. «Менің бейінім — физика-математикалық және шығармашылық бағыт. Мен инженерлік мамандыққа түскім келеді. Бұл мектеп заманауи талаптарға сай болғандықтан, осында оқып, жақсы білім алып, болашақта сұранысқа ие маман боламыз деп үміттенемін», — дейді №9 ОМ оқушысы Бибинур Қылышбек.

Бәйтерек ауданының Озерное ауылында 108 оқушыға арналған жаңа мектеп ашылды. Ол «КПО б.в.» компаниясының қаражатына салынды. 1961 жылы салынған ескі бейімделген ғимарат көптен бері заман талабына жауап бермейтін. Жаңа оқу жылында мұнда 81 оқушы білім алады. Тасқала ауданының Айнабұлақ ауылындағы оқу орны 60 орынға есептелген. Осылайша, ауылдағы бұрынғы оқу орнының авариялық ғимараты мәселесі шешілді. Жалпы, облыс бойынша 2023 жылдан бастап жалпы сыйымдылығы 12 мың оқушы орнын құрайтын 38 жаңа мектеп салынды. Олардың 90 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Жаңа оқу жылында облыстағы оқушылар саны 128 мыңға жуықтады. 11 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттады.