Батыс Қазақстан облысында сот полиция департаментінің талап арызы бойынша жергілікті тұрғынға медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты көлік жүргізуге тыйым салды. Анықталғандай, ер адам эпилепсиямен есепте тұр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сот мәліметінше, қазақстандық 2017 жылдың тамыз айында «В» санатындағы жүргізуші куәлігін алған. Алайда сот отырысы барысында оның G40.8 — «Эпилепсияның басқа нақтыланған түрлері» диагнозымен диспансерлік есепте тұрғаны анықталды. Диагноз қою күні көрсетілмеген.

«Заңнамаға сәйкес, жүргізушінің денсаулық жағдайының нашарлауы, көлік құралын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін және медициналық қорытындымен расталған, көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатуға негіз болып табылады», — делінген сот хабарламасында.

Облыстық сот эпилепсияның көлік жүргізуге абсолютті қарсы көрсетілім екенін анықтады. Осыған байланысты БҚО тұрғынының жүргізуші куәлігінің қолданысы тоқтатылып, ол куәлікті облыстық полиция департаментіне тапсыруға міндетті.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі мен полицияның бірлескен тексеруі ауыр медициналық қарсы көрсетілімдері бар көптеген қазақстандықтың көлік жүргізіп жүргенін анықтағаны хабарланған. ІІМ соттарға жүргізуші куәліктерін жою туралы 13 мың талап арыз жолдаған, оның 7,4 мыңнан астамының қолданысы тоқтатылған.

Оған дейін алматылық әйел әлеуметтік желілерде 65 жастан асқан жүргізушілерге арналған міндетті медициналық тексеруден өту тәжірибесі туралы айтып, дәрігерлердің іс жүзінде тексеру жүргізбегенін атап өткен.