Автосервис иесі әрі танымал YouTube-блогер Илья Свиридов бірнеше жыл армандаған дизельді Toyota Land Cruiser 100 сатып алды. Енді ол 2001 жылғы «жүздікті» жай пайдаланып қана қоймай, көлікті толық қалпына келтіруді көздеп отыр. Бұл оқиғаның тағы бір ерекшелігі — мұндай көліктер Қазақстанда әлі де сұранысқа ие, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Клубный сервис» YouTube-арнасының авторы көлікті іздеуге көп уақыт кеткенін айтты. Соңында мамандар Land Cruiser-ді Санкт-Петербургтен тапқан. Көлік өмірінің көп бөлігін Қиыр Солтүстікте өткізіп, блогердің айтуынша, көптеген реагенттен аман қалған.
Хабарландыруда внедорожник 2,9 млн рубль (шамамен 15,3 млн теңге) тұрған, бірақ келіссөзден кейін оны 2,6 млн рубльге (≈13,8 млн теңге) берген. Іріктеу кезінде мамандар сегіз-тоғыз көлікті қарап шыққан, ал олардың қызметі шамамен 200 мың рубльге (≈1,1 млн теңге) түскен.
Басты өлшем — көліктің жай-күйі болды. 25 жылдық «Крузактың» түпнұсқа есіктері, табалдырықтары, шанақ элементтері және зауыттық терімен қапталған салоны сақталған. Рамасы да жақсы күйде, тек беткі аздаған коррозиясы бар.
«Бұл оқиғадағы ең бастысы – жақсы көріп, аялап, сақтап қалған нәрсені табу», — деп мойындады блогер.
Сатып алынған внедорожник 204 ат күші бар 4,2 литрлік дизельді қозғалтқышпен жабдықталған. Онда клиренсті реттейтін гидроподвеска, амортизаторлардың қаттылығын реттеу, орталық және артқы дифференциалдардың бұғатталуы және төмендеткіш беріліс бар.
Свиридов салонның күйін бөлек атап өтті. Түпнұсқа тері ширек ғасырдан кейін де сақталған, ал қорап, раздатка және торсиондар өзіндей қалған. Жалғыз байқалатын мәселе – әзірге істемейтін артқы бұғаттау.
«Бұл, менің ойымша, Toyota компаниясының тарихындағы ең үздік Toyota Land Cruiser», — деп есептейді Свиридов.
Енді Land Cruiser 100-ді толық қалпына келтіру жоспарланып отыр: көлікті бөлшектеп, рамасын құмдап, қайта бояйды, шанағын, аспасын, салонын және агрегаттарын ретке келтіреді. Свиридов жөндеуден кейін «жүздік» жаңадай көрініп, бірақ түпнұсқа түрін сақтауын қалайды.
Қазақстанда да бұл модельге қызығушылық сақталып отыр. Материал дайындалған сәтте Kolesa.kz-те 1998–2007 жылдардағы Land Cruiser 100 туралы 463 хабарландыру болды. Ал жалпы «Крузактар» бойынша — 2 мыңнан астам ұсыныс.
Сонымен қатар «жүздіктердің» бағасы күйіне қатты байланысты. Автордың өзі шамамен 3,5-тен 8 млн рубльге дейінгі (шамамен 18,5–42,3 млн теңге) аралықты атайды. Бізде қолжетімді нұсқалар да кездеседі: мысалы, 4.2 дизелі бар 2001 жылғы Land Cruiser 100 7 млн теңгеге сатылып жатыр.
Бұған дейін Курсив Авто нарықтың төменгі жағындағы Land Cruiser 200 қалай қауіпті тұзаққа айналуы мүмкін екенін жазған болатын.


