Астанада блогер Ерболат Жанабылов жұбайы Эльмира Төлегеновамен болған тұрмыстық жанжалдан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Ведомствоның нақтылауынша, ағымдағы жылдың 30 қыркүйегінде полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында Threads әлеуметтік желісінде блогер Э.Т.-ның жұбайы Е.Ж.-мен болған жанжал фактісі туралы бейнежазбасы бар жарияланымды анықтаған.
Полицияда атап өткендей, бейнежазбада әйел болған жанжалдың мән-жайын айтып, қолдарындағы қызаруды көрсеткен.
«Осы факті бойынша оқиға орнына полиция қызметкерлері барды. Тексеру барысында жұбайлар арасында тұрмыстық жанжал болғаны анықталды. Бұл ретте Э.Т. полицияға арыз беруден бас тартты. Сонымен қатар Ж.Е.-ге қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін әкімшілік материал жасалды. Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалды», — деді құқық қорғау органдары.
Іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Полиция сондай-ақ ағымдағы жылдың 28 тамызында ер адам пробациялық бақылау талаптарын бұзғанын — түнгі сағат 22:00-ден кейін өзі көрсеткен тұрғылықты жерінде болмағанын, бұзу фактісі бойынша материалдар сотқа жіберілгенін атап өтті.
Еске салайық, блогер Эльмира Төлегенова әлеуметтік желілердегі үндеуінде Ерболат Жанабыловпен ажырасып жатқанын айтқан. Сондай-ақ ол жұбайымен болған жуырдағы жанжалға қатысты пікір білдірген.
Сонымен қатар, 27 сәуірде блогерлерге қатысты үкім шығарылғанын еске саламыз. Судья прокурор ұсынған мерзімдермен келісті — блогерлер заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату) бойынша кінәлі деп танылды.
Сот сондай-ақ Жанабылов пен Төлегенова қылмыстық қаражатқа сатып алған iPhone 16 (17 дана) және Hyundai Elantra (8 дана) автокөлігін тәркілеуге үкім шығарды.


