TikTok-та 2,3 млн-нан астам жазылушысы бар белгілі блогер интернетте өзі қатысқан видео пайда болғаннан кейін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz.

«Kozachkov offside» Telegram арнасында Маңғыстау облысында қыздардың өздерінің құқық бұзушылықтары түсірілген видеоны интернетке жүктегені туралы хабарлама жарияланды. Жазбада: «Маңғыстау облысының жолдарында шапқылап жүрген қыздарға өз құрметімді білдіргім келеді. Олар өздерінің құқық бұзушылықтарын видеоға түсіріп, жүктеді, яғни өздерінің азаматтық ұстанымын және заң бұзушылыққа төзбеушілігін көрсетті», — делінген.

Жазбаға Instagram және TikTok-та танымал, Nagidollayevna логинімен контент жариялайтын Жануля есімді блогердің видео тіркелген. Оның Instagram-да 410 мыңнан астам, ал TikTok-та 2,3 млн жазылушысы бар.

infohub.kz тілшісі Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сұрау жолдады. Әлеуметтік желілерді бақылау барысында полиция қызметкерлері жүргізушілердің жолаушыларды қауіпсіздік талаптарын бұза отырып тасымалдап, жол жүру ережесін өрескел бұзған видео жазбаларын анықтағаны белгілі болды.

«Жүргізушілердің жеке басы анықталды. Олар жолаушыларды тасымалдау кезінде жол жүру ережесінің талаптарын сақтамағаны, жүріс алдында және маневр жасау кезінде сигнал беру талабын орындамағаны, сондай-ақ көлік қозғалысына кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, көлікте болған жолаушылардың жеке басы анықталды. Оларға да қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қолданылады», — деп хабарлады полициядан.

Көлік құралдары мамандандырылған айыппұл тұрағына орналастырылды.