«Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендияны көтеру мәселесі жыл соңына дейін Республикалық комиссияның қарауына шығарылады, алайда түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ғылым министрлігінің басшысына «Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендия қашан өсетіні туралы сұрақ қойылды. «Шынында, жоспарда болған (стипендияны көтеру — Ред.). Мен «Болашақтың» президенті болып қызмет атқарған кезде (2010–2013 жылдар — Ред.) оны соңғы рет көтерген едік», — деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі таңда астана болып саналмайтын қалаларда тұтыну себеті айтарлықтай жоғары емес — айына шамамен 2 мың доллар. Тұтыну себеті қымбатырақ Лондон, Нью-Йорк және ірі қалалар үшін 2200 долларлық жоғары стипендия да қарастырылған. «Бірақ соңғы 13–15 жылдағы бағаның өсуін ескерсек, бұл, әрине, жеткіліксіз», — деді Саясат Нұрбек.

Ол стипендияға қатысты зерттеу жүргізілгенін, ал мәселенің жыл соңына дейін Республикалық комиссияның қарауына шығарылатынын қосты. «Шешімнің қандай болатынын әзірге білмейміз, бірақ бұл мәселе кемінде Республикалық комиссияның ұжымдық қарауына міндетті түрде шығарылады», — деді министр.

Стипендияны қанша пайызға көтеруі мүмкін екенін ол айтпады. «Салыстырмалы тәсіл қолданылатын болар, өйткені тұтыну себеті әр жерде әрқалай өседі: Еуропада — бір, АҚШ пен Канадада — басқа, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде тағы басқаша. Бізде ортақ тәсіл бар, бірақ бұл жерде, сірә, өңірлік коэффициенттерге негізделген сараланған тәсіл қолданылады», — деді министр.