Қазақстандық спортшылар Наргиза Болатова мен Ясмин Туякова көркем жүзуден 2026 жылғы Азия ойындарында ел қоржынына алғашқы медаль салды. Олар әйелдер дуэті бәсекесінде үшінші орынға тұрақтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Техникалық бағдарламадан кейін қазақстандық дуэт небәрі төртінші орында келе жатқан. Алайда еркін бағдарлама қорытындысы бойынша спортшылар Өзбекстандық қарсыластарынан басым түсіп, тұғырға көтерілді.

Жалпы есепте Болатова мен Туякова 565,7326 ұпай жинап, қола жүлдеге қол жеткізді. Азиада-2026 чемпиондары атанған Қытай өкілдері Линь Яньцзюнь мен Сюй Хуэйянь 640,3576 ұпаймен мәреге жетті. Күмісті жапониялық Моэ Хига мен Томока Сато 601,5566 ұпаймен жеңіп алды.

Ясмин Туякова үшін бұл — Азия ойындарындағы дуэт бәсекесіндегі екінші қола жүлде. Бұған дейін ол Ханчжоу-2022-де Арина Пушкинамен бірге осы медальді иеленген еді. Сол жолы Қазақстан құрамасы командалық турнирде де үшінші орын алған, онда Болатова мен Туякова да өнер көрсетті.

Азиада-2026-да көркем жүзуден тағы бір медаль жиынтығы сарапқа салынады. 27 қыркүйекте Қазақстан құрамасы аралас командалар бәсекесінде техникалық бағдарламаны, ал келесі күні еркін бағдарламаны ұсынады.