Болгария Украина елшісін түсініктеме беруге шақыртты. Бұл — Румыниямен шекарадағы Трансбалкан газ құбырының компрессорлық станциясының маңында ұшқышсыз ұшу аппараты құлап, жарылған оқиғаға байланысты. Болгария билігі дрон Украинаға тиесілі болуы мүмкін деп болжап отыр, деп хабарлайды infohub.kz.

Болгария ұлттық телеарнасының (БНТ) мәліметінше, Болгария Сыртқы істер министрінің Украина елшісі Олеся Илащукпен кездесуі дүйсенбі, 10 тамызға жоспарланған.

Ел билігінің дерегінше, ұшқышсыз ұшу аппараты Болгарияның әуе кеңістігіне Румыния жағынан кіріп, Трансбалкан газ құбырының компрессорлық станциясынан шамамен бір шақырым жерде жарылған. Нысан бұрынғы «Кардам» шекара бекетінің маңында орналасқан.

Болгария Қорғаныс министрлігі бұл украиналық «Мая» дрон-тұзағы болуы мүмкін деген болжам айтты. Сонымен қатар, ел билігі дронның Болгария аумағына әдейі бағытталған деп санамайды.

Украина тарапының жауабы

Украина Сыртқы істер министрлігі украиналық әскерилердің Болгарияға ешқандай ұшқышсыз ұшу аппаратын әдейі бағыттамағанын мәлімдеді.

«Украина қорғаныс күштері Болгарияға ешқандай құралды әдейі бағыттаған жоқ», — деді Украина СІМ ресми өкілі Георгий Тихий.

Киев сондай-ақ, құлаған дрон шынымен Украинаға тиесілі болса, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Софиямен ынтымақтасуға дайын екенін білдірді.

Болгария стратегиялық нысандардың қорғанысын күшейтеді

Дрон құлағаннан кейін Болгария үкімет басшысы Румен Радев Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысын шақырды.

Оның айтуынша, ұшқышсыз ұшу аппаратын Румынияда да, Болгарияда да радиолокациялық бақылау құралдары уақытында анықтай алмаған. Радев бұл оқиға төмен ұшатын нысандарды анықтау мүмкіндіктерін күшейту қажеттігін тағы бір рет көрсеткенін айтты.

Болгария билігі стратегиялық нысандардың күзетін күшейтіп, дрондарға қарсы күштерді қайта орналастыруды жоспарлап отыр.

2026 жылдың маусымында Болгария Украинаға әскери көмек көрсетуді тоқтатқан болатын. Ел билігі бұл шешімді ресей-украин соғысын тоқтату жөніндегі дипломатиялық күш-жігерді қолдаумен түсіндірді.