Боралдайда сушиден уланған ондаған адам ауруханаға түсті. Олардың ағзасынан ішек таяқшасы мен стафилококк табылды. Санитарлық дәрігерлер сараптама нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиға бір ай бұрын болған: сол кезде Боралдайдағы суши-барда тамақтанғаннан кейін жаппай улану болғаны хабарланған еді. Санитарлық дәрігерлер мекемеде тексеру жүргізді. Ас үйде жәндіктер табылып, үстелдер мен ас құралдарынан ішек таяқшасы анықталды. Шикізат пен дайын өнім тікелей еденде сақталған. Сонымен қатар, иесінің балық, күріш және ірімшікке сертификаттары болмаған, ал персонал медициналық кітапшасыз жұмыс істеген.

«Суши-бардың қызметі толығымен тоқтатылды, қауіпті өнім айналымнан алынып, жойылды. Қазіргі уақытта барлық зардап шеккендер денсаулығы жақсарғандықтан ауруханадан шығарылды», — деп мәлімдеді Іле ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында.

Тексеруден кейін суши-бар жабылды. Іс материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді.

Еске сала кетейік, 17 маусымда Алматы облысының Боралдай елді мекенінде тұрғындардың жаппай медициналық көмекке жүгінуінен кейін мекеменің жұмысы тоқтатылғаны белгілі болды. 18 маусымда 65 адамның уланғаны, оның 36-сы ауруханаға жатқызылғаны туралы ақпарат пайда болды.