Маңғыстау облысында отбасылық дастарқаннан кейін ботулизм белгілерімен үш ересек адам мен бір бала жансақтау бөліміне жатқызылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс эпидемиологы Марал Қадырдың айтуынша, Мұнайлы ауданының үш ересек тұрғыны облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Тағы бір науқас — 9 жас 10 айдағы бала — кешке облыстық балалар көпбейінді ауруханасының инфекциялық бөліміне түскен.

Алдын ала күдікті өнім ретінде үй жағдайында дайындалған суық ысталған балық саналады. Эпидемиологтың дерегінше, балық ұзақ уақыт тоңазытқышта сақталған. Барлық зардап шеккендер оны 17 қыркүйекте шамамен 20:00-ден 21:00-ге дейін отбасылық іс-шара барысында тұтынған.

Аурудың алғашқы белгілері 18 қыркүйекте кешке пайда болған. Науқастар 19 қыркүйекте медициналық көмекке жүгінген.

«Зардап шеккендердің үйінде бірнеше рет жүрек айну мен құсу байқалған. Ауруханаға жатқызылғаннан кейін науқастардың жағдайы ауыр деп бағаланды. Негізгі симптомдардың қатарында — әлсіздік, бас айналу, жұту мен көрудің бұзылуы, тамақтың қышуы мен құрғауы, көздің бұлыңғырлануы мен қосарланып көрінуі, сондай-ақ сананың бұзылуы», — деді Марал Қадыр.

Барлық науқастар ауыр жағдайда жатыр және өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылған. Оларға дезинтоксикациялық және симптоматикалық ем жүргізілуде. Сондай-ақ науқастарға спецификалық қарсы ботулиндік сарысу егілді.