Маңғыстау облысында Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан, зардап шеккен және хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілер туралы деректер нақтыланды. Соңғы мәлімет бойынша, ауа райы қолайсыз кезде ашық теңізге 17 адам ағызылып кеткен. Олардың 12-сі қаза тапты, үшеуін құтқару мүмкін болды, тағы екеуінің орны әзірге белгісіз, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозумбаев басқарған үкіметтік комиссия төтенше жағдай орнында жұмысын бастап кетті. Қазір ол іздеу жұмыстарын үйлестіріп отыр.

«Қанат Бозумбаев жоғалған әскери қызметшілерді барлық қажетті күш пен құралды тарта отырып, тәулік бойы үздіксіз іздеуді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ қаза тапқан әскерилердің отбасыларына қажетті материалдық және өзге де көмек көрсету тапсырылды», — деді Маңғыстау облысы әкімдігінде.

Қайғылы оқиғаның хроникасы былай: 24 қыркүйекте әскери қызметшілер Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындап жатты. Қорғаныс министрлігінің дерегінше, ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Әскерилерді ашық теңізге ағызып әкеткен.

Құтқарылған үш әскеридің біреуі Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отыр.

Әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев олардың туған-туыстарына көңіл айтып, 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.