Вице-премьер Қанат Бозумбаев бастаған үкіметтік комиссия Манғыстау облысына келді. Ол президенттің тапсырмасымен әскери қызметшілердің оқу-жаттығу кезінде қаза табу мән-жайын тергеу үшін құрылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Комиссия құрамына қорғаныс министрі, облыс әкімі, бас әскери прокурор, шекара қызметінің өкілдері және алты министрліктің басшылары енді. Олар оқиға орнындағы ахуалды зерттеп, мемлекеттік органдардың бұдан кейінгі іс-қимылын айқындауы тиіс.

«Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуге, болған оқиғаның мән-жайын анықтауға, сондай-ақ тартылған мемлекеттік органдар мен қызметтердің іс-қимылын үйлестіруге ерекше назар аударылады. Комиссия жұмысы оқиға орнында жалғасуда», — делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері оқу-жауынгерлік тапсырманы орындап жатқанда болды. Қорғаныс министрлігінің дерегінше, ауа райы күрт нашарлап, қатты жел тұрып, 19 адам теңізге ұшып кеткен.

Ведомство тоғыз әскери қызметшінің қаза тапқанын хабарлады. Үшеуін құтқарып қалу мүмкін болды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздеу жалғасты. Операцияға әскери теңізшілер, ТЖМ құтқарушылары және авиация қатысты.

Әскерилердің қаза табуы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер болған оқиғаның мән-жайын анықтап, сараптамалар жүргізуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.