Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында прокуратураның араласуымен 16-17 жастағы 1155 кәмелетке толмаған баланың құқығы қалпына келтірілді. Енді олар қоғамдық көлікте жол жүруге 50 пайыз жеңілдік алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұзушылық аудандық мәслихаттың таксиден басқа, қалаішілік қоғамдық көлікте жекелеген санаттағы жолаушыларға жеңілдікті жол жүру туралы шешімін талдау барысында анықталды. Құжатта 16-17 жастағы кәмелетке толмағандарға жеңілдік қарастырылмаған, сондықтан осы жас тобындағы оқушылар жол жүрудің толық құнын төлеуге мәжбүр болды.
Прокуратураның актісі бойынша мәслихат шешіміне өзгерістер енгізілді. Енді Ақсай қаласында кәмелетке толмаған жолаушы үшін жол жүру құны 50 теңгені құрайды.
Ауданның басқа да бағыттарында жеңілдікті тариф белгіленді: кәмелетке толмағандар үшін жол жүру құны 50%-ға төмендетілді.
Прокуратурада кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
Бұған дейін «Курсив» Астанада күндізгі оқу нысанындағы балаларға, соның ішінде жекеменшік мектеп оқушыларына тегін жол жүру құқығын кеңейту мақұлданғанын жазған. Сондай-ақ өзгерістер аз қамтылған отбасылардың балалары үшін жеңілдіктің жыл бойы, оның ішінде каникул кезінде де әрекет етуін қарастырған.


