Парижде аукционға қойылған француз актрисасы Брижит Бардоның жеке заттары шамамен 1 млн еуро әкелді, ал лоттардың алдын ала бағасы 50 мың еуро шамасында еді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Millon аукцион үйі актрисаның Париждегі үйі мен Сен-Тропедегі резиденциясынан 285 затты саудаға шығарды. Лоттар арасында киім, аксессуарлар, ыдыс-аяқ, жиһаз және Бардоның басқа да жеке заттары болды. Саудаға Франция мен басқа елдерден 3 мыңға жуық сатып алушы тіркелді.
«Брижит Бардо тағы да көрнекті алхимик ретінде танылды: ол шамамен 50 мың еуроға бағаланған лоттарды комиссиялық төлемдерді қосқанда 1 млн еуроға жуық сомаға айналдырды», — деді аукционист Александр Миллон.
Бастапқы бағасына қатысты ең қымбат лоттардың бірі актрисаның үй жануарларына тиесілі екі ит мойынтұрығы болды. Жұбы 30 еуроға бағаланған олар 9,4 мың еуроға сатылды. Мойынтұрықтарға ілінген адрестік белгілерде Бардоның есімі мен телефон нөмірі жазылған. Сатып алушы Ресей азаматы болды.
Актрисаның автопортреті 40 мың еуроға жуық бағаға кетті, ал ол автобиографиясын жазған жазу машинкасы 4,6 мың еуроға сатылды. Бардоның екі гитарасы 8,6 мың және 1,9 мың еуроға, ал итбалықтың баласын бейнелейтін үш жұмсақ ойыншық 2,2 мың еуроға жуық бағаға сатылды.
Аукциондан түскен қаражат Бардоның жануарларды қорғау қорына, сондай-ақ оның жалғыз ұлы Николя-Жак Шарьеге жіберіледі.
Брижит Бардо 1934 жылы Парижде дүниеге келген. Ол 1952 жылы кинода дебют жасап, актерлік мансабында 50-ден астам фильмге түскен. Оның қатысуымен түсірілген ең танымал туындылардың қатарында «Құдай әйелді жаратты», «Шындық», «Жеке өмір» және «Вива, Мария!» бар. «Шындық» фильмі шетелдік фильмдер санатында «Оскар» сыйлығына ұсынылған.
1973 жылы Бардо актерлік мансабын аяқтады. Осыдан кейін ол жануарларды қорғауға ден қойып, жануарларға көмектесетін және оларды қорғауға шақыратын өз қайырымдылық қорын құрды.
Бардо 2025 жылдың 28 желтоқсанында 91 жасында қайтыс болды. Актрисаның жұбайы Бернар д'Ормаль хабарлағандай, Бардоның өліміне онкологиялық ауру себеп болған. Актрисаны Францияның Сен-Тропе қаласында жер қойнына тапсырды.
Бұған дейін біз Диана ханшайымның «кек қайтаратын көйлегі» 30 жылдан кейін алғаш рет аукционға қойылатынын хабарлаған болатынбыз.


