Британдық 10–15 жас аралығындағы жасөспірімдерде соңғы 15 жылда эмоционалдық мәселелер екі еседен астам өсті. Бұл ретте олардың ішімдікке, темекіге және түнгі серуенге деген қызығушылығы төмендеген. Манчестер университеті, Лондон университеттік колледжі және Кембридж университеті ғалымдары осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Зерттеу нәтижелері European Journal of Epidemiology журналында жарияланды, деп жазады News-Medical басылымы. Зерттеушілер 2009–2024 жылдар аралығындағы UK Household Longitudinal Study сауалнамасының деректерін талдады, оған 16 356 адам қамтылған.

Осы кезеңде айқын эмоционалдық қиындықтары бар жасөспірімдердің үлесі шамамен 11 пайыздан 27 пайыздан астамға өсті. Ең күрт өсім қыздар арасында байқалды: 2024 жылға қарай олардағы көрсеткіш 39 пайыз болса, ұлдарда 16 пайыз. Гиперактивтілік белгілері де 16 пайыздан 27 пайызға өсті, ал құрдастарымен қарым-қатынас қиындықтары 48 пайызға жиілей түсті.

Сонымен қатар жастардың өмір салты өзгерді. Жасөспірімдер ішімдікті, кәдімгі темекіні азайтып, ата-анасымен ұрысуды және кешкі сағат тоғыздан кейін қараусыз серуендеуді сиретті. Мінез-құлық мәселелері 14 пайыздан 11 пайызға төмендеді.

Алайда апта күндері әлеуметтік желілерде кемінде төрт сағат отыратындардың үлесі екі есеге жуық артты (6,2 пайыздан 11,7 пайызға). Фастфудты апта сайын тұтыну 18 пайыздан 26 пайызға өсті, ал вейп қолдану 2016 жылдан бері 59 пайызға көбейді. Бұл ретте аптасына үш күннен сирек спортпен шұғылданатын оқушылардың үлесі 25 пайыздан 35 пайызға өсті.