Әлемге әйгілі BTS тобының мүшесі V бір құлағының есту қабілетінің нашарлауына байланысты ем алып жатқанын айтты. Бұл мәлімдеме топтың көптен күткен әлемдік гастролінің ортасында жасалды.
Сәрсенбідегі тікелей эфирде 30 жастағы әнші бұл мәселемен шамамен екі жарым жыл бойы күресіп келе жатқанын айтты. Ол бұл туралы алғаш рет жанкүйерлеріне ашық айтқанын да жеткізді.
«Сол құлағымның есту қабілеті 100 пайыз болса, оң құлағымда небәрі 30 пайыз ғана», — деді шын аты Ким Тэ Хён болатын V. Қазір топ бірнеше жылдағы алғашқы әлемдік гастролін өткізіп жатыр. Бұл — міндетті әскери қызметтен кейін жеті мүшенің қайта қосылуының белгісі.
Тікелей эфир барысында V есту қабілетінің әскерде жүргенде нашарлағанын айтты. Алайда ол алғашында бұған мән бермегенін, оны «ерік-жігердің ісі» деп ойлағанын жеткізді.
Қазір дәрі ішіп, үнемі ауруханаға барып тұратынын да қосты.
Оңтүстік Кореяда сирек жағдайларды қоспағанда, барлық жарамды ер адамдар 18 ай мерзімге әскери қызмет өтеуі тиіс. Бұл талап BTS мүшелеріне де қатысты. Олар 2022 жылы әскерге шақырыла бастағанда даңқтың шыңында еді.
V 2023 жылы әскерге алынып, 2025 жылдың маусымында босатылды.
Сәуірде Оңтүстік Кореяда басталған Arirang әлемдік гастролі топтың жеті мүшесінің көптен күткен қауышуы болды. Сәрсенбідегі тікелей эфир топтың Мэриленд штатындағы Балтимор қаласындағы концерттері аяқталған соң өтті.
Тікелей эфирде V-мен бірге оның әріптесі Чонгук те болды. Ол гастроль кезінде жіліншік жарақатына байланысты ем алып жатқанын айтып, «стресс сынығы пайда болуға жақын» екенін жеткізді. Чонгук өнерін жалғастыру үшін жарақатын жақсы бақылауға алуы керек екенін де қосты.
Алдағы айларда BTS концерттері Лос-Анджелес, Буэнос-Айрес, Бангкок, Сидней және Гонконг сияқты әлемнің түкпір-түкпіріндегі қалаларда өтеді.


