Ақмола облысының Бурабай елді мекенінде Network City халықаралық технологиялық қалашығын салу жоспарлануда. Бұл қалашық әлемнің түкпір-түкпірінен IT мамандарын, кәсіпкерлер мен зерттеушілерді тартатын орталыққа айналмақ.

Жоба Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновтің Network School халықаралық қоғамдастығының негізін қалаушы, шығу тегі үндістандық американдық кәсіпкер Баладжи Шринивасанмен кездесуінде талқыланды. Баладжи Шринивасан Кремний алқабының биотехнология, криптовалюта, жасанды интеллект және технологиялық кәсіпкерлік салаларында жұмыс істейтін ықпалды өкілдерінің бірі ретінде танымал.

Әзірлеушілер мен стартаптарға арналған бұл қала Бурабайдың табиғи ландшафтына үйлестірілген модульдік инфрақұрылымды салуды көздейді. Кейіннен бастаманы Alatau City-ге де тарату жоспарлануда. Network City-де білім беру бағдарламаларын, коворкингтерді, конференцияларды, хакатондарды және стартап акселераторларын біріктіру көзделген. Жоба авторларының ойынша, мұнда әртүрлі елдердің әзірлеушілері, инженерлері, кәсіпкерлері мен зерттеушілері жұмыс істеп, оқып, тәжірибе алмаса алады.

Сонымен қатар, тараптар Қазақстанда AI Film Festival өткізу мәселесін талқылады. Бұл фестивальдің жүлде қорын Баладжи Шринивасан қамтамасыз етеді. Сондай-ақ AI & Digital Bridge форумы аясында әлемдік технологиялық компаниялардың қатысуымен Network State Conference өткізу жоспарлануда.

Баладжи Шринивасан Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуетін жоғары бағалап, елдің жаһандық технологиялық экожүйенің бөлігі бола алатынына сенімді екенін айтты. Ол сондай-ақ Network School жобалары тек жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылатынын және мемлекеттік қаржыландыруды қажет етпейтінін атап өтті.

Олжас Бектеновтың айтуынша, Қазақстан халықаралық сараптаманы тартуға және әлемдік технологиялық қауымдастықпен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. «Адам капиталын, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамыту – мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттарының бірі. Жасанды интеллекттің ел дамуындағы рөліне және азаматтардың жеке деректерін қорғауға ерекше көңіл бөлінеді», – деді премьер-министр. Ол Қазақстанда Digital Qazaqstan стратегиясы жүзеге асырылып жатқанын, сондай-ақ Astana Hub, Екібастұздағы «Деректер орталықтары алқабы» және TUMO мен Tomorrow School білім беру бағдарламалары жұмыс істейтін Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы сынды ірі цифрлық жобалар дамып жатқанын еске салды.

Кездесу қорытындысы бойынша премьер-министр профильді мемлекеттік органдарға жобаны жүзеге асыруға жәрдемдесуді тапсырды.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанның өзіндік «Деректер орталықтары алқабын» – Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтарына арналған үлкен технопарк құрып жатқанын жазған болатын. Билік Microsoft, Google және Amazon компанияларымен олардың осында өз серверлік қуаттарын салуы үшін келіссөз жүргізуде.