Батыс Қазақстан облысында бұрынғы құдалар арасындағы 126 мың теңге көлеміндегі қарыз дауы тараптардың келісімімен аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыс соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Тасқала аудандық сотында бұрынғы құдалар арасындағы қарызды қайтару туралы дау тараптардың келісімімен бітті.

Іс материалдарына сәйкес, аудан тұрғыны құдасынан 126 мың теңге қарыз алған. Балалары ажырасқаннан кейін тараптар арасында келіспеушілік туындаған.

Ақшаны ерікті түрде қайтару мүмкін болмағандықтан, талап қоюшы өзінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болды.

Татуластыру рәсімі барысында судья тараптарға дауды медиация тәртібімен реттеудің артықшылықтарын түсіндірді. Нәтижесінде бұрынғы туыстар келіспеушілікті жеңіп, медиативтік келісім жасады. Құжатқа сәйкес, тараптар ақшаны ерікті түрде қайтарудың тәртібі, мерзімі мен шарттарын келісті.

Сот келісімді бекітіп, азаматтық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарды. Сондай-ақ талап қоюшыға талап арыз беру кезінде төленген мемлекеттік баж қайтарылады.

Сот ұйғарымы әзірге заңды күшіне енген жоқ.