2026 жылғы 11 қыркүйекте Алматыда Central Asia Fintech Summit (CAFS) өтеді. Оны Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі, Ұлттық төлем корпорациясы және Kazakhstan Fintech Network ұйымдастырады. Іс-шара алдағы онжылдықтың қаржы нарығының архитектурасын талқылау үшін топ-менеджерлерді, қаржы секторының басшыларын және саланың жетекші сарапшыларын жинайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматыдағы «Целинный» заманауи мәдениет орталығында өтетін ауқымды шараның басты тақырыбы — «Сенім дәуірі: келесі онжылдықтың қаржы нарығы қандай болады?».
Алдағы саммиттің бағдарламасы цифрлық экономиканың негізгі сын-қатерлері мен макротрендтеріне бағытталған. Ірі қаржы институттарының басшылары, финтех компаниялары және мемлекеттік сектор өкілдері саланың стратегиялық даму векторларын, жаңа буын төлем жүйелерінің болашағын және цифрлық қаржының трансшекаралық мүмкіндіктерін талқылайды.
Ұйымдастырушылар бүгінде нарық архитектурасын өзгертіп жатқан технологиялық инновацияларға ерекше мән береді. Пікірталас панельдерінде сарапшылар жасанды интеллектті нақты экономикада қолдануды және қадағалау технологияларының эволюциясын қарастырады.
Саммиттің маңызды бөлігі — цифрлық қаржы активтері үшін жаһандық бәсекелестік пен қазіргі қаржы технологияларына деген сенімнің негізі болып табылатын алаяқтықтан қорғаудың ұжымдық жүйесін құруды талқылау.
CAFS 2026 алаңында аймақтың финтех экожүйесін кеңейту бойынша жаңа стратегиялық бастамалар ұсынылады, цифрлық экономиканы қорғау және инклюзивті технологиялық қауымдастықтарды дамыту саласындағы үздік жетістіктер атап өтіледі.
Central Asia Fintech Summit (CAFS) — аймақтағы қаржы және технология секторларының басты оқиғаларының бірі. Іс-шара банк саласының топ-менеджерлерін, мемлекеттік сектор мен финтех компанияларының өкілдерін цифрлық экономика мен қаржы нарығының болашағын талқылау үшін біріктіреді.
Ұлттық төлем корпорациясы (ҰТК) — Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің еншілес ұйымы. ҰТК ұлттық төлем жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді, банкаралық жүйенің техникалық операторы ретінде әрекет етеді, сондай-ақ озық цифрлық инфрақұрылым жобаларын («Бірыңғай QR», Open Banking, «Цифрлық теңге») дамытады.
Kazakhstan Fintech Network — мемлекетті, қаржы нарығын, технологиялық компанияларды, стартаптарды және халықаралық серіктестерді Қазақстанның финтех экожүйесін дамыту үшін біріктіретін бейтарап салалық платформа. Ұйым Қазақстандағы Global Financial Technology Network (GFTN) компаниясының эксклюзивті серіктесі болып табылады.
Ұйымдастырушылар: Ұлттық төлем корпорациясы, Kazakhstan Fintech Network, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі. Өтетін орны: Алматы қ., Масанчи к-сі, 59 («Целинный» заманауи мәдениет орталығы). Тіркелу және бағдарламаның егжей-тегжейі: centralasiafintech.kz.


