Қытайлық Changan Auto автоконцерні Avatr және Deepal брендтерінің ішкі процестерін біріктіретін AD Collaborative Development Department атты жаңа бөлімше құрды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құрылымның атауы екі марканың бас әріптерінен құралған. Бөлімше брендтердің ортақ процестерімен айналысады, ал Avatr қосымша дизайн, өнім әзірлеу және платформалық технологиялар бойынша бірлескен орталықтар ашады.
Маркалар әзірлеу, өндіріс, сатып алу және әкімшілік жұмыстарда ресурстарды бірлесіп пайдаланады, алайда тәуелсіздігін сақтайды. Avatr мен Deepal-дың сатылымы, имиджі және позициялануы бөлек қалады.
Changan шығынды 20–30%-ға қысқартуды жоспарлап отыр. Компанияда автокөлік иелерінің құқықтары мен мүдделері өзгермейтініне уәде берді.
Бұл шешім брендтердің әртүрлі серпіні аясында қабылданды. Қымбат электромобиль сегментіндегі Avatr 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 27,6 мың көлік жеткізді – бұл өткен жылғыдан 51,3%-ға аз.
Deepal болса, сол кезеңде әлем бойынша 164,2 мың авто сатып, көрсеткішті 14,6%-ға арттырды. Шетелге жеткізілім 141%-ға өсіп, 35,8 мың көлікке жетті.
Ішкі процестерді біріктіру Avatr-дың Гонконгтегі IPO-ға дайындығы аясында жүріп жатыр. Компания 2026 жылдың маусымында проспектіні қайта тапсырды, сондықтан құрылымның өзгеруі реттеушілердің қосымша назарын аударуы мүмкін.
2030 жылға қарай Changan Avatr мен Deepal-дың жалпы жылдық сатылым көлемін 1,5 млн-нан астам автомобильге жеткізуді жоспарлап отыр.
Бұған дейін Курсив Авто Deepal мен Avatr Қазақстанда 2026 жылдың күзінде ресми түрде пайда болатынын жазған еді.


