Журналистеріне өткен аптада Ақ үйге кіруге тыйым салынған үш америкалық жаңалықтар ұйымы АҚШ президенті Дональд Трампқа қарсы федералдық сотқа талап арыз берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ-тің Politico-ға сілтеме жасап хабарлауынша, талап қоюшылар — CNN, Politico және MS NOW. Жауапкерлер қатарында мемлекет басшысынан бөлек, оның әкімшіліктегі үш негізгі кеңесшісі бар. Басылымдар өз тілшілерінің аккредитациясын қалпына келтіруді талап етіп, кенеттен салынған тыйымды «Конституцияның Бірінші түзетуіне тікелей қол сұғушылық» және үкіметтің баспасөздің не туралы хабарлайтынын шешпейтіндігі туралы қағидатты бұзу деп бағалады.

«Ақ үй алдын ала ескертусіз және процестік нормаларды сақтамай, біздің журналистеріміздің аккредитациясын қайтарып алды, өйткені біздің репортаждарымызға қарсы болды. Егер бұған (Трамп әкімшілігінің тыйымы — ред. еск.) жауап берілмесе, баспасөз бостандығына және қоғамның биліктің араласуынсыз тәуелсіз журналистикаға деген құқығына қауіп төнеді», — делінген БАҚ-тың бірлескен мәлімдемесінде.

Ұйымдар АҚШ-тың Вашингтондағы округтік сотынан әкімшіліктің әрекеттерін конституцияға қайшы деп танып, олардың одан әрі орындалуына тыйым салуды шұғыл түрде сұрады.

Талап арыз бойынша жауапкерлер Трамптан бөлек, Ақ үй аппаратының жетекшісі Сьюзи Уайлс, коммуникациялар жөніндегі директоры Стивен Ченг және Құпия қызмет директоры Шон Карран болды.

Еске салайық, 18 қыркүйекте АҚШ президенті CNN, MS NOW және Politico тілшілеріне Ақ үйге кіруге тыйым салатынын мәлімдеді, себебі бұл басылымдар жалған жаңалықтар таратады деп айыптады. Келесі күні-ақ осы басылымдардың журналистері оларды Ақ үйге кіргізбегенін хабарлады. Осыдан кейін Дональд Трамп CNN, MSNBC және Politico логотиптері бар қоқыс қаптарының суретін жариялады.