6-9 тамыз аралығында Астанада халықаралық Comic Con Astana фестивалі өтеді. Іс-шараның басты қонақтарының бірі – Netflix-тің «One Piece» сериалындағы Санджи рөлімен танымал британдық-испандық актер Таз Скайлар, деп хабарлайды infohub.kz.

Актер аспаз әрі жекпе-жек шебері Санджидің рөлі арқылы кеңінен танылды. Санджи – танымал манга мен анименің экрандалған нұсқасындағы Сабан қалпақты пираттар тобының басты мүшелерінің бірі.

«One Piece»-тен басқа, Таз Скайлар «Точка кипения» (Boiling Point) фильмі мен сериалында, «Клинер» (Cleaner) экшн-триллерінде, «Убийственная команда» (The Kill Team) әскери драмасында және «Агата Рэйзин» (Agatha Raisin) детективтік комедиясында түскен. Актерлік мансаптан бөлек, ол сценарист, режиссер және продюсер ретінде жұмыс істейді, сондай-ақ экстремалды спорт түрлеріне әуес.

Фестиваль кезінде әртіс Comic Con Astana-ның басты сахнасына шығып, жанкүйерлерімен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, автограф және фотосессияларға қатысады.

Тағы бір шетелдік қонақ – оңтүстіккореялық K-pop тобы Kandis. Ұжым фестиваль қонақтарына арналған арнайы бағдарлама ұсынады. Бұған дейін топ Қазақстанда өткен Silk Way Star халықаралық телевизиялық вокалдық байқауында Оңтүстік Кореяның атынан қатысқан.

Comic Con Astana Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениеттің ең ірі фестивалі саналады. Ол жыл сайын әртүрлі елдерден кино, сериал, аниме, комикс, бейнеойын және косплей әуесқойларын жинайды.

2026 жылы фестиваль тағы да екі алаңда – Barys Arena және «Алау» мұз сарайында өтеді. Орталық оқиғалардың бірі – жүлде қоры 20 млн теңгені құрайтын халықаралық косплей байқауы.

Фестивальге билеттер Comic Con Astana ресми сайтында қолжетімді.