Америкалық Consumer Reports журналы 2026 модель жылғы шағын автомобильдерді салыстырып, қорытынды бағасы Subaru Impreza-дан жоғары болған бес модельді анықтады. Тізімге Hyundai Elantra Hybrid, Honda Civic Hybrid, Mazda3, сондай-ақ Toyota Prius-тің екі нұсқасы енді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Consumer Reports-тың 2026 жылғы рейтингінде Hyundai Elantra Hybrid мен Honda Civic Hybrid 78 ұпайдан жинады, ал Subaru Impreza 75 ұпай алды. Жол сынақтарында «Элантра» 83 ұпай жинады — «Субарудан» сегіз ұпай артық. Hyundai гибридінің отын шығыны сынақтарда бір галлонға 48 миль болды, Impreza-да 29 миль.

Сонымен қатар Subaru болжамды сенімділік пен иелерінің қанағаттануы бойынша жоғары баға алды. Elantra Hybrid 1,6 литрлік бензин қозғалтқышымен және электр моторымен жабдықталған. Жалпы қуаты — 139 а.к., жетегі — алдыңғы. АҚШ-та Blue нұсқасының бағасы $26,9 мыңнан (шамамен 11,8 млн теңге) басталады.

Honda Civic Hybrid де 78 ұпай жинады. Жол сынақтарында модель 83 ұпай алды, ал отын үнемділігі бір галлонға 44 миль болды. Бұл Subaru-дан айтарлықтай жоғары. Алайда Impreza болжамды сенімділік бойынша Civic Hybrid-тен озды. Civic Sport Hybrid-тің базалық нұсқасы АҚШ-та $30,7 мыңнан (шамамен 13,5 млн теңге) басталады.

Mazda3 77 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады. Бұл ретте Subaru иелерінің қанағаттануы мен болжамды сенімділік бойынша Mazda-дан сәл озды. Mazda3 седан және хэтчбек кузовтарында шығарылады. Оған 186 а.к. қуатты 2,5 литрлік атмосфералық мотор және 250 а.к. турбо нұсқасы қолжетімді. Бағасы $25,9 мыңнан (шамамен 11,4 млн теңге) басталады.

Тізімге сондай-ақ Toyota Prius және Prius Plug-in Hybrid енді. Екі модель де 76 ұпайдан жинады — Subaru Impreza-дан бір ұпай артық. Бұл ретте қарапайым «Приус» отын үнемділігінде жоғары көрсеткіш көрсетті, ал екі «Тойота» да болжамды сенімділік бойынша «Субаруға» жол берді. АҚШ-та қарапайым Prius бағасы $28,5 мыңнан (шамамен 12,5 млн теңге), қосылатын гибрид $35 мыңнан (шамамен 15,4 млн теңге) басталады.

Consumer Reports қорытынды бағада жол сынақтарының нәтижелерін, болжамды сенімділікті, иелерінің қанағаттануын, қауіпсіздік жүйелерінің болуын және краш-тест нәтижелерін ескереді.

Бұған дейін Курсив Авто 2026 жылдың ең үнемді бес гибриді туралы жазған болатын.