Дания королі мен королевасының үлкен қызы, 19 жастағы ханшайым Изабелла әскери қызметке кірісті. Ол Слагельсе қаласының маңындағы казармаларға келіп, гвардиялық гусар полкінің құрамында 11 ай қызмет ететін болады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Биыл онымен бірге дат армиясының қатарына тағы 1600 жас жігіт пен қыз қосылды.

Дат БАҚ-тары король сарайына сілтеме жасап, ханшайым Изабелла қызмет кезінде жалақы алмайтынын хабарлады.

Еуропадағы қауіпсіздік жағдайының шиеленісуіне байланысты Данияда міндетті әскери қызмет мерзімі төрт айдан 11 айға ұзартылды. Елде 18 жасқа толған әйелдер де әскери шақырылуға жатады.

Бұған дейін Изабелланың үлкен ағасы, тақ мұрагері Кристиан да Слагельседе қызмет өткен. Өткен жазда ол қызметін аяқтап, лейтенанттық оқуға түсті.