Дания сыртқы істер министрі Ларс Лекке Расмуссен Қазақстаннан Украинадағы атысты тоқтатуға қол жеткізу үшін Мәскеумен дипломатиялық байланысты пайдалануды сұрады. Ол бұл туралы Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Мұхтар Тілеубердімен кездескен соң журналистерге мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Мен Қазақстаннан Украинада атысты тоқтату және бейбітшілікке қол жеткізу туралы келісімдерге жету үшін Мәскеумен дипломатиялық байланысты пайдалануды сұрадым», — деп келтіреді Расмуссеннің сөзін ТАСС.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде де Мұхтар Тілеубердінің Ларс Лекке Расмуссенмен болған кездесуі туралы айтылды. Ведомствоның дерегінше, даниялық министр Данияның Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін растап, өз елінің сыртқы саяси және экономикалық күн тәртібінде Орталық Азияның маңызы артып келе жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар құрметті қонақ Ларс Туесеннің Қазақстандағы Дания елшісі және Дания СІМ-нің Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі болып тағайындалуы туралы пікір білдірді.


